Баянауылда ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр дәріптелді

07 тамыз, 2017, 18:36 2413
 Баянауылда ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр дәріптелді

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Торайғыр көлінің жағасында қазақ тілін үйретуге жағдай жасау мақсатында этноауыл құрылды, деп хабарлайды Вnews.kz.

Аталмыш фестиваль мемлекеттік тілді оқыту бойынша жазғы жобаның соңғы кезеңі болды. Оған тілді меңгеруге ниет білдірген кез келген адам және өзге ұлт өкілдері қатысты.

«Соңғы екі жылдың ішінде осы жобаның арқасында 200-ден астам адамға қазақ тілін үйреттік, - дейді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова. – Дегенмен мұндағы басты мақсат – тілді үйретумен  ғана шектеліп қалу емес, сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету және оны сақтап қалу. Өз жұмысымызда оқытудың дәстүрден тыс – ойын, киіз үйдің ішінде сабақ өткізу, ұлттық музыкалық аспаптар мен ұлттық тағамдар даярлау сияқты түрлерін қолдандық».

 Фестиваль қонақтарын тоғыз киіз үй күтіп тұрды. Оның жанында бауырсақ және сірне (бағланның етін қазанға жілік-жілігімен қуырып даярлайтын қазақтың дәстүрлі асы) әзірлеу бойынша шеберлік сынып ұйымдастырылды. 

Кез келген адам тәжірибелік сабақтарға қатысып, шеберлер аллеясында киіз басу, сазбен жұмыс істеу және ағаш ою мүмкіндіктеріне ие болды. Павлодарлық суретшілер дайындаған суреттер галереясында Баянауылдың көрікті жерлері бейнеленген жұмыстар ұсынылды. Бұдан басқа, плэнер барысында әркім Торайғыр көлін қағазға түсіруге тырысты.

Этноауылда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та болды. Ол қалашықты аралап шығып, «Тіл керуені» жобасының қатысушылары ұйымдастырған концертті тамашалады.

Рavlodarnews.kz.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Павлодар облысы

Читайте также

Похожие новости