Павлодарда алғаш рет "Жібек жолы" музыка фестивалі өтеді

07 ақпан, 2019, 10:29 10410 Павлодар облысы
Павлодарда алғаш рет

Халықаралық байқауға қатысу үшін тоғыз елден 700-ден астам жас музыкант келеді.

Павлодарда алғаш рет ұйымдастырылып отырған "Жібек жолы" халықаралық фестиваль-конкурсына қатысу үшін  тоғыз елдің жас музыканттары келеді, деп хабарлайды BNews.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясындағы халықаралық музыка байқауы 23-27 ақпан аралығына жоспарланып отыр. Еліміздің әншілерінен бөлек, байқауға Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Литва, Грузия, Әзірбайжан мен Түркия өнерпаздары қатысады деп күтілуде.

Аталған байқаудың ұйымдастырушыларының бірі "Өнер саласында ЕуроАзиаттық кеңістікті қолдау қоры" ҚҚ директоры Екатерина Горшкованың айтуынша, конкурс өнер саласындағы Жастар жылының шымылдығын ашады.

"Конкурсымызға 7-25 жас аралығындағы әншілерге арналған. Осылайша, біз Павлодарда өнер саласындағы Жастар жылын бастамақпыз. Барлығы 721 қатысушы өнер көрсетеді. Оның ішінде 43 ансамбль бар", - деп атап өтті Екатерина Горшкова.

Биылғы конкурс екінші мәрте өткізілмек. Былтыр Павлодар музыкалық колледжінің негізінде атақты композитор Сергей Рахманиновтың 125 жылдығына орай "Жүректен шыққан музыка" атты байқау өткізілген еді. Оған 125 конкурсант қатысқан болатын.

"Биылғы ән-күй байқауының қазылар алқасына атақты педагогтар, музыканттар мен профессорлар, жалпы саны 34 адам кіреді. Осыдан-ақ конкурстың қаншалықты ауқымды екендігін көруге болады. Жобаның көркемдік жетекшісі Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Тимур Урманчеев. Конкурстың құрметті сарапшысы Грузияның Батуми қаласындағы музыкалық орталықтың директоры Георгий Микеладзе болмақ", - деді "Өнер саласында ЕуроАзиаттық кеңістікті қолдау қоры" ҚҚ директоры. 

Байқау қатысушыларының өнері бес негізгі және тоғыз кіші номинациялар бойынша бағаланады. Олардың ішінде "Фортепиано", "Шекті аспаптар", "Үрмелі аспаптар", "Академиялық вокал" мен "Халық музыка аспаптары" атаулары бар.

Ауқымды музыкалық жоба қаламыздағы бірнеше концерттік сахналарда бір уақытта өтеді. Гала-концерт 27 ақпан күні Естай атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізіледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар