Павлодарда балконның сыртында  ілініп тұрған бала құтқарылды

08 қыркүйек, 2018, 15:32 3090 Павлодар облысы
Павлодарда балконның сыртында  ілініп тұрған бала құтқарылды

Ол пәтерде ата-анасының қарауынсыз қалған.

Павлодар қаласында балконның сыртқы ернеуінде ілініп тұрған қыз құтқарылды, деп хабарлайды  BNews.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім еткендей, оқиға 8 қыркүйек күні болған.

"Сағат 10.26-да Суворов көшесі, 2-үйде Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл-құтқару жасағының күшімен тоғыз қабатты тұрғын үйдің 4-інші қабатынан 2012 жылы туған қыз бала құтқарылды. Ол пәтерде ата-анасының қарауынсыз қалған", - деді Руслан Иманқұлов.

Балконның сыртқы жағынан асып түсіп, төменгі қабаттағы балконның ернеуінде тұрған 6 жасар қыз туралы видео Инстаграмда жарияланды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірінің жазуынша, қыз жарты сағат ілініп тұрған.

"Алғашқы болып полицейлер жетті. Бірі бізге қарай - жоғары шықты, ол тіпті балконға шықпақ болды. Екінші қызметкер көршілердің пәтеріне барып, баланы тыныштандыруға тырысып тұрды", - деп жазды ол.

Оқиғаға куә болғандардың сөзінше, төменде адамдар кілемді тартып тұрған. Көп ұзамай көмекке құтқарушылар да келіп жеткен.

"Жақын маңда болған адамдар құтқарушыларды шақырды. Оқиға орнында болып, көмек көрсетуге тырысқандардың барлығына алғыс білдіреміз. Ал ата-аналарға айтарымыз, мұның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Бұл ең алдымен, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеуінің кесірі", - деді ТЖК ресми өкілі.    

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар