Пхёнчханда Паралимпиада ойындарының салтанатты түрде ашылуы өтті - Жаңалықтар | BNews

Пхёнчханда Паралимпиада ойындарының салтанатты түрде ашылуы өтті

09 наурыз, 20:43 861
Пхёнчханда Паралимпиада ойындарының салтанатты түрде ашылуы өтті

Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстандық спортшылар биатлон және шаңғы жарысына қатысады.

Паралимпиада ойындары Оңтүстік Кореяда 2018 жылдың 9-18 наурыз аралығында өтеді. Ойыншылар 80 медаль үшін сынға түсетін болады. Қазақстан құрамасы тоғыз лицензияға ие болды және екі спорт түрінен: шаңғы жарысы мен биатлоннан сайыстарға қатысады, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Ел құрамасында 7 атлет бар: Александр Герлиц, Қайрат Қанафин, Сергей Усольцев, Антон Жданович, Жаңыл Балтабаева, Александр Колядин, Денис Петренко.

Биыл Паралимпиада ойындарында еліміздің туын шаңғы және биатлоннан жарысқа шығатын атлет Қайрат Қанафин ұстады.

Айта кетсек, қысқы Паралимпиада ойындары 1976 жылдан бері өткізіліп келеді. 1992 жылдан бері Олимпиада ойындары өткен қалаларда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр.

Пхёнчханда жарыстар биатлоннан, тау-шаңғы спортынан, шаңғы жарысы, сноуборд, следж-хоккей және арбадағы керлингтен өтеді. Осылардың ішінде сноуборд алғаш рет спорттың жеке түрі ретінде өз алдына медаль алуға мүмкіндік береді. 2014 жылы Сочиде өткен Паралимпиадада сноуборд тау-шаңғы спортының ішінде қарастырылған.

Паралимпиада ойындары үш категорияға – көзі нашар көретіндер спортшылар, тік жүріп және арбада отырып жарысатындар болып бөлінеді.

Ең көп медаль тау-шаңғы спортында ойнатылады. Шаңғышылар спринт пен жарыстарда 7,5, 10, 12, 15 және 20 км (жынысы мен класына қарай бөлініп) қашықтықта, сонымен қатар аралас және ашық эстафетада бақ сынайды. Биатлонда ерлер 7,5, 12,5 мен 15 км және әйелдер 6, 10 және 12,5 км қашықтықта сайысқа түседі. Следж-хоккейде тек ер адамдар жарысса, керлингте аралас болады.

Биатлон мен шаңғы жарысында барлық спортшы бір уақытта жарысқа шығып, қатысушылардың орны мәреге жеткен соң класына қарай анықтай алады.

Биылғы Паралимпиадаға 49 елден 567 спортшы қатысады. Бұл - ойын тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде Грузия, Тәжікстан және КХДР алғаш рет Паралимпиада ойындарында бақ сынайды.

Ресейлік спортшылар өз алдына тәуелсіз қатысушы болып жарысады. Себебі Ресейдің Паралимпиада комитеті жарыстан шеттетілген. Мұнымен қоса аталған елдің следж-хоккейден құралған командасы жарысқа қатыспайды.

Ұқсас жаңалықтар