Полиция бірінші қолға түскен адамдарды қамауға алған жоқ – ҚР ІІМ Денис Тен ісі туралы

24 шілде, 2018, 15:14 1827 Астана
Полиция бірінші қолға түскен адамдарды қамауға алған жоқ – ҚР ІІМ Денис Тен ісі туралы

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары мұндай пікір шындыққа жанаспайтынын айтты.

Бүгін ҚР ІІМ-де өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов Денис Тен өліміне қатысы бар күдікті ретінде тергеу органдарының қызметкерлері алғашқы қолға түскен адамдарды қамауға алмағанын, мұндай пікір шындыққа жанаспайтынын мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Ол министрліктегілер аталған іске қатысты әлеуметтік желілердегі және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан пікірлерді оқып отырғанын айтып өтті.

"Қазіргі уақытта бұл іс бойынша жедел-тергеу тобы құрылды және орын алған қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, сәйкес сараптамалар тағайындалды және жүргізіліп жатыр. Біз әлеуметтік желілердегі және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан пікірлерді оқып отырмыз. Осы орайда, полиция бірінші қолға түскен адамдарды қамауға алды деген пікір шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Ұсталған азаматтар осы қылмысты жасаған тұлғалар", - деді Рашид Жақыпов.

Вице-министр өкілетті органдарда күдіктілердің осы қылмысқа тікелей қатысты екенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар бар екенін, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қоғам полиция жүргізген тергеу амалдарына күмән келтіретіні жиі кездесіп отырғанын атап өтті.

"Сонымен қатар, біз қоғамның үлкен назарын тудырған осы секілді қылмыстарды ашу кезінде полицияны есеп беру үшін ғана бірінші қолға түскен кездейсоқ адамдарды қамауға алды деп айыптайтынын білеміз. Қазақстан Республикасында әрекет ететін әділ сот жүйесі бойынша тергеу органдарының барлық дәлелдемелерін сот тексереді. Сол себепті, кез келген адамды кінәлі етіп қамауға алу шындыққа жанаспайды", - деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Сонымен қатар, Рашид Жақыпов әлеуметтік желілерде таратылып жатқан барлық ақпарат тексерілетінін нақты айтты.

"Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар не жоқтығы тексеріліп жатыр және әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттардың барлығы да тексеріледі", - деді ол.

Брифнг барысында вице-министрге сауал қойған журналистер қоғамдық белсенділер Ішкі істер министрлігінің құрылымын реформалауды талап етіп, тамыз айының басында бейбіт митингке шығуды жоспарлап отырғанын, осы оарйда ІІМ бұған тосқауыл жасап, адамдарды қамауға алуы мүмкін бе екенін сұрады.

"Бейбіт митингтер мен шерулер өткізуге қатысты сәйкес заңнама бойынша мұндай шараларды өткізуге жергілікті биліктің рұқсаты керек. Егер билік рұқсат берсе, онда, әрине, ол митинг өтеді. Айта кету керек, Ішкі істер министрлігі мемлекеттік орган ретінде митингтерді тарату немесе тоқтату бойынша өз бетінше шешім қабылдамайды", - деді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, Олимпиада чемпионы Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергенов қайғылы оқиғадан 10 күн бұрын Астанада ұсталып, қала аумағынан тыс шықпау жөнінде қолхат берген.

"Расында да Арман Құдайбергеновті астаналық патрульдік бекет жасағы 11 шілдеде көлік айналарын ұрлау үстінде ұстаған. Оған қатысты заңға сәйкес, жеделдетілген процедурада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бұл процедура бойынша тергеу 15 күнде жүруі тиіс және бұлтартпау шарасы ретінде тіркеліп тұру шарасы қолданылған. Тіркелу міндеттемесі күдіктінің қалаларға баруына шектеу салмайды, тек белгіленген уақытта келіп тұрса жеткілікті", - деді Рашид Жақыпов.

Ол Астанада Арман Құдайбергеновке қатысты іс қысқартылмағанын айтты.

"Тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Сол себепті астаналық жәбірленуші оны кешірді деген сөз жоқ, біз ол жайында айтқан жоқпыз. Оған тек тергеу орнына келу туралы міндеттеме қойылған. Себебі, орта дәрежелі қылмыс бойынша адамдар жауапқа тартылған уақытта біз заң бойынша оларды қамауға ала алмаймыз", - деп атап өтті Ішкі істер министрінің орынбасары.

Еске сала кетсек, БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергенов 11 шілде күні астаналық тұрғынның көлік айнасын ұрлау үстінде Астана полицейлеріне ұсталғанын, Алматы ауданының ішкі істер бөліміне жеткізілген. Іс бойынша сот тыңдалымы 20 шілдеде Астанадағы Алматы аудандық сотында өтуі тиіс еді. Алайда, бұл күні кешке Арман Құдайбергенов танымал спортшының өліміне күдікті болып, Алматыда ұсталды. Кейінірек анықталғандай, көлік ұрысы қала аумағынан шықпау туралы қолхат жазып босатылған. Бірақ, ол Алматы қаласына кетіп, ұрлығын жалғастырған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қайғылы оқиға 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Сол уақытта басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен. Денис Тен медициналық жедел жәрдем бригадасымен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. 

Бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты оның өмірін сақтап қала алмады. Ауруханаға жеткізілгеннен екі сағаттан кейін, 17:30-да ол қайтыс болды.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: