Президент сапалы жұмыс орындарын ашу үшін еңбек нарығының жаңа тәсілдері қажет екенін айтты

29 қараша, 2018, 17:05 1677 Астана
Президент сапалы жұмыс орындарын ашу үшін еңбек нарығының жаңа тәсілдері қажет екенін айтты

2025 жылға қарай қосымша 2 миллионға жуық жас маман еңбек нарығына шығады деп болжанып отыр.

Мемлекет басшысы цифрлық экономикаға және 4.0 индустриясына көшуімізге байланысты еңбек ресурстарының сапасына қойылатын талаптардың күшейгеніне назар аударды, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Сапалы жұмыс орындарын ашу үшін еңбек нарығын дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеу керек. 2025 жылға қарай қосымша 2 миллионға жуық жас маман еңбек нарығына шығады деп болжанып отыр. Жастарымызды тиісті жұмыс орындарымен қамтамасыз ету маңызды", – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті ведомство жетекшісіне берілетін шағын несие санын көбейту қажеттігін және олардың халыққа қол жетімділігін арттырудың маңыздылығы туралы айтты.

"Осы жылдың соңына дейін ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есе өсіретін заңның қабылдануын қамтамасыз ету қажет. Министрлік және әкімдіктер жұмыс берушілердің ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруын қамтамасыз ету үшін бақылау орнатып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде шаралар қабылдауы керек. 1,3 миллион азаматымыздың жалақысы нақты көбеюге тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдерін 7 пайызға, сондай-ақ мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 5 пайызға арттыру қажет екеніне тоқталды.

Басқосу барысында әлеуметтік сақтандыру мәселелері де талқыланды. Осыған орай, еңбек ету қабілетін жоғалтуына, жұмыстан босап қалуына немесе асыраушысынан айрылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемақының орташа көлемін 30 пайызға арттыруды қамтамасыз ету керектігі айтылды.

Қазақстан Президенті мүгедектер санатына жататын азаматтардың өзін-өзі танытуы және толыққанды интеграциясы үшін жағдай жасау мақсатымен Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде жаңа ұлттық жоспар әзірлеуді тапсырды. Бұл құжат мүгедектіктің алдын алу, кең ауқымдағы инклюзивті білім беруді енгізу, ерекше мұқтаж жандарға арналған барлық әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын бейімдеу жөніндегі шараларды, сондай-ақ, жұмыс берушілер мен бизнестің мүгедектерді жұмыспен қамту ісіне белсенді атсалысуын қамтамасыз ету жөніндегі тетіктерді қамтиды.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігіне берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар