Радионарықтағы жаңа өзгерістерге ілесу – заман талап еткен негізгі міндет

11 шілде, 2018, 16:55 1649 Астана
Радионарықтағы жаңа өзгерістерге ілесу – заман талап еткен негізгі міндет

Бұл туралы "Азияның медиа диалогы" форумының кезекті жиынында "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" ЖШС Бас директоры айтты.

Астанада әлемдік деңгейдегі журналистер мен телерадио басшылары басын үш күнге қосқан "Азияның медиа диалогы" форумының кезекті жиынында "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлы радионарықтағы жаңа өзгерістерге ілесу заман талап еткен негізгі міндет екенін, сондай трендтің бірі радионы визуализациялау болып саналатынын атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Мәди Манатбекұлының мәлімдеуінше, радионы визуализациялау жоспары бойынша 2018 жылдың мамырынан бастап Қазақ радиосының тікелей эфир студиясына 360 градустық кәсіби робот камералар орнатылған. Бүгінде осы құрылғылар арқылы Қазақ радиосы Instagram, Facebook, ресми сайтта және YouTube арнасында тікелей эфирде, тестік режимде хабар таратады.

"Жыл соңына қарай, "Шалқар", "Астана" және "Классик" радиоларына да бейнекамералар орнатылады. Қазір "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫНЫҢ" әлеуметтік желідегі көрсеткіштері 4 радионы қоса есептегенде Facebook желісіне жазылушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға, ал Instagram-да – 16 есеге артты", - деді "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" ЖШС Бас директоры.

Сондай-ақ, оның сөзінше, әр радионың жеке сайты бар. Бұған қоса, "Qazaqstan" телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қаринның бастамасымен жүзеге асқан "Qazaqstan TV" мобильдік қосымшасы жұмыс істеп тұр.

"Qazaqstan TV" мобильдік қосымшасы арқылы әлемнің кез келген нүктесінен корпорация құрамындағы телеарналар эфирін жоғары сапада көруге болады. Оның ішінде, Қазақ радиоларын да онлайн тыңдау мүмкіндігі бар. Таяу арада подкасты бар интеллектуалдык-мобильдік қосымша ашуға дайындалып жатырмыз. Отандық радио кеңістігіне жаңа леп, серпін әкелу үшін 2019 жылдан бастап "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫН" республикалық "Оtau-tv" спутниктік желісіне дербес арна ретінде қосу жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді спикер.

Әлемнің радио өкілдері жиылған бүгінгі алқалы жиында "ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ" басшысы радио нарықтағы қазіргі кездегі трендтермен де бөлісті. Ол радионың әлі күнге жарнама нарығында 10% деңгейіне жетпегенін тілге тиек етті.

"Радио әлі күнге жарнама нарығында 10% деңгейіне жетпеді, Қазақстанда радиоға жарнама тапсырысы тек – 6%, өзге елдерде 5-7% көлемінде. Егер радионы интернет, мобильдік қосымша, әлеуметтік желі арқылы дамыта берсек, бұл көрсеткіштің өсетіні анық", - деп түйіндеді сөзін Мәди Манатбекұлы.
 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: