Ресей университеттерінде білім алған түлектер Сыр еліне оралды

13 қыркүйек, 2018, 15:03 3035 Қызылорда облысы
Ресей университеттерінде білім алған түлектер Сыр еліне оралды

30-дан астам түлек еңбекке кірісуге әзір.

Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарының алғашқы 74 түлегі дипломдарын алып, олардың 43-і магистратураға түсті. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің Ресейдің жоғары оқу орындарының алғашқы түлектерімен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74 түлек оқуын тәмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, 14-і облыстың ірі кәсіпорындарына - "СКЗ-У" ЖШС, "Қызылорда жарығы" ЖШС, "Ансар Сервис" ЖШС, "Теплотехник" ЖШС, мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы 12 түлек жұмысқа орналасады. Келесі жылы тағы 150 түлек оқу бітіреді.

Аймақ басшысы түлектерді оқуларын ойдағыдай аяқтауларымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

"Ата бабамыз "Туған жерге туыңды тік" деп бекер айтпаған, Елбасымыз да "Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады" деп айтып келеді. Мен де өз кезегінде "Туған жерге тағзым ету - парызым, туған жерге қызмет ету - қарызым" деген ұранды ұстанамын. Сондықтан, білім алып, белгілі бір мамандық иесі атанып, туған жерлеріңе оралған қадамдарыңыз "оң болсын" деп тілеймін", - деді Қырымбек Көшербаев.

Өз кезегінде, бітірушілер мен олардың ата-аналары мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға және жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

"Мұндай мүмкіндік басқа аймақтарда болмағанын атап өткім келеді. Мәскеу мен Петербургте көбінесе сыр бойылық жастар оқуда, басқалары бізге жасалған материалдық және рухани қолдауларыңызға қызыға қарайтын. Қазір тіпті Мәскеуге арзан әуе рейстері ұйымдастырылған. Сондай-ақ, оқып жүрген кездің өзінде "Аралтұз", "Байкен-U", "Қызылорда жарығы", "Абзал и К" сияқты  ірі компаниялар жұмыс ұсына бастады. Мен  "Қызылорда жарығы" ЖШС-де жұмыс жасаймын, ата-анам мен облыс басшылығының үмітін ақтап, алған білімімді туған жердің игілігіне жаратсам деймін", - деді "Қызылорда жарығы" ЖШС-нің қызметкері Еламан Меңдіқұл.

Кездесуде түлектер облыс әкіміне "Орда"  жастар қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады. Бұл ұйым ағымдағы жылдың тамыз айында Сырбойы жастары мәселелерін шешуге және ресейлік жоғары оқу орындарындағы студенттер мен түлектерді біріктіруге арналып құрылды.

Сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 900-ге жуық түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. 2018 жылы грант саны екі есеге артты, оның 70 пайызы IT мамандықтарына бөлінеді.

Биылғы жылы облыс әкімінің 116 стипендиаты оқуын бітірді, оның 46 түлегі жұмысқа орналасса, жетеуі магистратураға түсті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: