Румынияда қазақстандық кинофестиваль өтті

09 қараша, 2018, 15:50 3230
Румынияда қазақстандық кинофестиваль өтті

Фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында жарық көрген "Жаужүрек Мың Бала", "Анаға апарар жол", "Құнанбай", "Оралман" және "Жаңғақ тал" фильмдері көрсетілді.

Трансильванияның тарихи орталығы, Румынияның Клуж-Напока қаласында "Рухани жаңғыру" - "Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" бағдарламасы шеңберінде қазақстандық  киноның екінші фестивалі өтті. Мәдени-іс шараны  Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы,  Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі мен ҚР Клуж-Напока құрметті консулдығымен бірлесіп  ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды BNews.kz киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында жарық көрген "Жаужүрек Мың Бала", "Анаға апарар жол", "Құнанбай", "Оралман" және "Жаңғақ тал" фильмдері көрсетілді.

Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев сөз сөйлеп, румын аудиториясын отандық киноиндустрия өнімдерімен таныстыру шарасы екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының дамуына және халықтары арасында рухани жақындасуына ықпалын тигізетінін айтты.

Фестивальге отандық актер Асылхан Төлепов қатысып, көрермендерге "Жаужүрек Мың Бала" фильмінің түсірілуі туралы айтып берді. Актер бұл іс-шара румын көрермендеріне қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрімен жақын танысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ фестивальге жергілікті тұрғындар, қоғамдық қайраткерлер, үкімет, іскер және академиялық орта өкілдері, сондай-ақ, Клуж-Напока қаласында оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Олар қазақстандық кино фестиваль қаланың мәдени өмірінде ерекше құбылыс болғанын айтты.

Қазақстандық кинофестиваль Румынияның тағы да бір ірі қаласы – Констанцада да өтті. Бұл көрсетілімде "Қазақ хандығы: Алмас қылыш", "Сталинге сыйлық", "Біржан Сал" және "Жат" фильмдері халық назарына ұсынылды.

Констанца муниципалитетінің және облыстық әкімшіліктің өкілдері, екі елдің халықтарын жақындастыру мақсатында осындай мәдени іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. 

Шараға румындық іскерлік орта, бұқаралық ақпарат құралдары, қазақ диаспорасы өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Румын көрермендері қазақстандық режиссерлердің жұмысын жоғары бағалап, қазақстандық кино мектебін ерекше атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар