Сағынтаев әлемдік АТ-компаниялар басшыларымен ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады - Жаңалықтар | BNews

Сағынтаев әлемдік АТ-компаниялар басшыларымен ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады

02 ақпан, 15:51 1730 Алматы
Сағынтаев әлемдік АТ-компаниялар басшыларымен ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев әлемдегі ең ірі АТ-компаниялардың басшыларымен цифрландыру саласында ынтымақтастық орнату мәселесін талқылады, деп хабарлады PrimeMinister.kz.

Бүгін Алматыда Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан "Жаһандану дәуіріндегі цифрлық тәртіп" форумы аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде халықаралық компаниялардың басшыларымен және шетелдік сарапшылармен кездесті.

Кездесуге Gartner компаниясының вице-президенті Андреа Ди Майо, Ұлыбритания Үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл, Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия және үкіметтік сараптау жөніндегі кеңесшісі Рандип Судан, Дүниежүзілік банктің АТ және электроника бағытының басшысы Данил Керими, Ресей мен ТМД-дағы IDC вице-президенті Роберт Фариш қатысты.

Кездесу барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Н. Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттері туралы айтып берді. Қатысушылар, сондай-ақ, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын және шет мемлекеттер мен ірі компаниялардың цифрлық трансформациялау тәжірибесін талқылады.

"Бізді Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біз – үкіметтер, өзара бәсекелеспейміз, сондақтан да бірқатар мәселелер бойынша ынтымақтасуға мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн. Біз өте көп уақыт жұмсадық (еск. – цифрландыру процесі туралы), ал бүгінде өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Сіздерге түрлі елдермен ынтымақтасуға кеңес береміз. Біз Малайзиямен, Сингапурмен ынтымақтастық орнаттық, Уругваймен өзара әрекеттесу жағдайларын жасап жатырмыз", - деді Ұлыбритания Үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл.

Дүниежүзілік банктің АКТ секторының басшысы Рандип Судан Алматыда өткізіліп жатқан форумның пайдасы мен түрлі көзқарастарды зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

"Тәжірибе көрсеткендей, біріншіден, мәселені анықтау және міндеттерді белгілеп алу маңызды. Екіншіден, бұл – осындай форумдарда жұмыс нәтижелерін қорытындылау мүмкіндігі", - деді Рандип Судан.

Gartner компаниясының басқарушы вице-президенті Андреа Ди Майо әлемдік цифрландыру тәжірибесі туралы айта отырып, уақытша параметрлерге тоқталып өтті.

"Жоспарларға алдын ала назар аудару керек, сондай-ақ, ең бастысы – негізгі басымдықтарды түсіну үшін ішкі жағдайға және айналаға көз тастауды ұсынамын. Қазір сіздерде бағдарлама мен жүйелі басымдықтар бар. Сіздердің келешегіңіз – 2020-2025 жылдар, одан әрі трансформация процесі ондаған жылдар бойы жалғаса береді", - деді Андреа Ди Майо.

Ресей мен ТМД-дағы IDC вице-президенті Роберт Фариш өз кезегінде, жоғары деңгейдегі көшбасшының цифрландыру жұмысына қатысқаны өте маңызды екенін айтып өтті. Сарапшының пікірінше, бұл – жұмыс тиімділігін арттырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Алматыда "Жаһандану дәуіріндегі цифрлық тәртіп" форумы өтіп жатыр. Оның аясында технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, өнеркәсіптік цифрландыру және ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялаудың өзекті мәселелері талқылануда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары