Сағынтаев Астанада қайтыс болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты

05 ақпан, 2019, 11:41 1683
Сағынтаев Астанада қайтыс болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты

Премьер-министр өрт қауіпсіздігіне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

"Бүгінгі отырысымызды өткен жексенбіден дүйсенбіге қараған түнде Астанадағы қайғылы оқиғадан бастағым келіп отыр. Өрт кезінде бір үйдің өрімдей 5 баласы қаза болды. Жантүршігерлік жағдай. Бір отбасының басына түскен ауыр қайғы. Ай-күннің аманында бес бірдей баласынан айырылып қалған ата-анасына күш-қуат берсін дейміз!", - деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа министрлік жылу беру маусымы аяқталғанша өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастау туралы тапсырма берді. 

"Алдағы тәуліктерде бірқатар өңірде күн суытады деп күтілуде. Сол себепті әкімдіктердің, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтерінің назарын өрт қаупі мәселесіне аударамын. Жылу беру жүйелерінде жылу температурасы артады. Жеке үйлерде пеш жағу күшейеді. Сондықтан қауіпсіздік техникасының сақталуына ерекше мән беріңіздер. ІІМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылу беру маусымы аяқталғанша өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастасын. Қалмұханбет Нұрмаханбетұлы, бұл мәселе сіздің жеке бақылауыңызға", - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сонымен қатар, Премьер-министр жылу мен энергия беретін барлық ұйымдар, әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық қызметтері тұтынушыларды жеткілікті деңгейде жылумен және жарықпен қамтамасыз етсін деген тапсырма берді.

"Барлық қызметтер іркіліссіз және апатсыз жұмыс істеуі қажет. Әкімдіктердің ерекше бақылауына алынсын", - деді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желіде өрт қауіпсіздігін тексерушілердің жөнсіз қылықтарын сынау күшейіп тұрғанына да назар аударды.

Еске салсақ, 4 ақпанда түнде "Сарыарқа" ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Ең кішісі небәрі үш айда болған.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өрттің кесірінен бес баласын жоғалтқан отбасының үйіне барды және оларға көмек беруді тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Бақытжан Сағынтаев #өрт

Читайте также

Похожие новости