Сағынтаев: Елбасының бес бастамасы аясында тек 8 өңірде ғана жатақхана берілген

Написать нам
10 шілде, 2018, 18:28 1665 Астана
Сағынтаев: Елбасының бес бастамасы аясында тек 8 өңірде ғана жатақхана берілген

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Басқа өңірлерде ешбір жатақхана, ешбір шаршы метр пайдалануға берілмегенін атап өтті.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында студенттерге арналған жатақхана салу тиісті деңгейде жүзеге асырылмай жатқанын айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"4,1% көрсеткішімен жартыжылдықты аяқтадық. Бірақ, мынау өндіріс саласына келетін болсақ, қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда төмендеушілік 5,4% болатын болса, қазіргі төмендеу 5,2% болды. Оның ішінде, мұнай өндіру, табиғи газ, металл, өңдеу саласындағы тамақ өндірісі, сусындар, киім шығару, химия өндірісі, фармацевтика, металлургия, қара металдар, түсті металдар, электр энергиясы, сумен жабдықтау бойынша да төмендеушілік бар. Мұның барлығы біз маусым айын мамыр айымен салыстырғанда анықталып отыр. Егер, осы бағытпен кете берер болсақ, онда жыл соңында көрсетілген межеден шыға алмайтын боламыз", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр "жұмыстың барлығы атқарылды" деп баяндама жасағандарды сынға алды.

"Аталған көрсеткіштерді арттыру бойынша жұмыстар жүргізуге назар аударыңыздар. Жарты жыл болды, сол 20-30 проценттің соңында жүрміз. Қажетті қаржының барлығы берілген, жұмыстың барлығы атқарылды деп баяндап отырсыздар", - деді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында еліміздің қай өңірлерінде студенттерге арналған жатақхана берілгенін және басқа жерлерде құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтты.

"Жатақхана мәселесіне келетін болсақ, бұл Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында қарастырылған шара. Жалпы, 8 өңірде ғана жатақхана берілген. Бұл Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалалары. Басқа өңірлерде бірде-бір жатақхана, бірде-бір шаршы метр пайдалануға берілмеген. Осыны назарларыңызға алыңыздар", - деді ҚР Премьер-министрі.

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста пікір білдірген Атырау облысы әкімінің орынбасары микрокредиттер беру аясында қаражатты игеруге қиыншылық туындатып отырған жайттарды баяндады.

"Ережеге сәйкес, қазіргі таңда кредит алған кісі екі жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуы керек. Ауылдық жерде бұл қиындық туындатып отыр. Себебі, Бизнес Бастаудан оқып келеді де, бизнес-жобасы бойынша шаштараз ашып, онда өзі ғана жұмыс жасайды. Сол сияқты, 3 млн теңгеге 12 бас мал алады. Ал оған біз екі тұрақты жұмыс орнын ашуды жүктеп отырмыз. Осыған қатысты қаражатты игеру қиыншылық тудырып отыр", - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары.

Ал Бақытжан Сағынтаев Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шүкеевке елімізде микрокредиттер беру бойынша қаржының игерілмей тұруына қатысты мәселе бойынша апта соңына дейін шешімдер қабылдауды тапсырды.

"Бірқатар мәселенің басы ашылды. Сол себепті, Ерболат Әскербекұлы, Өмірзақ Естайұлы, көтерілген проблемалар бойынша аптаның соңына дейін ақылдасып, сенбі күні айтылған ұсыныстар бойынша шешімдер қабылдау қажет. 14 мың жұмыссыз адамға микрокредит беру жоспарланған Елбасы өзі жариялаған 5 әлеуметтік бастамасы аясында тағы 20 млрд теңге қосып берді. 68,6 млрд теңге. Ал берілген микрокредитіміздің көлемі 2 млрд 559 млн теңгеге микрокредит берілді. Жарты жыл бітті. Қалған қаржыны қашан игереміз? Әрине, бұған дейін айтылған бірқатар кедергілер бар. Олардың барлығын жою керек. Сосын тағы, микрокредиттің көлеміне қатысты айтылып жүр. Ауылдық жерлердегі 12 млн теңге бұл микрокредит пе, әлде бұл әжептеуір "жақсы" кредит пе? Немесе, қалалық жерлерде 15 миллионнан. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау – 9 млн", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет отырысында осы мәселеге қатысты баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова микрокредит көлемі 3,2 млн теңге екенін атап өтті.

"Мен мұның барлығын сіздің баяндамаңыздан алып отырмын. Міне, ауылдық жерлердегі микрокредит 12 млн деп тұр. Көп. Сол себепті, сенбі күні осы мәселені талқылап, арнайы шешім шығару қажет. Қаржы бар, игерілмейді, сұраныс бар, шешімін таппаймыз", - деп ескертті Үкімет басшысы.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев микрокредит алған азаматтардың тұрақты екі жұмыс орнын ашу міндеттемесіне қатысты пікір білдірді.

"Атырау облысы әкімінің орынбасары 3 млн теңге бергенімізбен, екі жаңа орын аша алмайды деп отыр. Бұл 1 шілдеге дейін белгіленген нормалар. Бұған мүмкіншілік бар. Сенбі күні барлық сандарды көрсетіп, шешім шығарамыз. Жаңа орындар ашу керек, онсыз болмайды. Шаштараз ашса, онда бір ғана адам жұмыс істейді, оны түсінеміз. Бірақ, біреу қой алса, мал алса, артынан қарайтын адамдар бар. Онсыз енді біз микрокредит беру мүмкін емес", - деді Ерболат Досаев.

"Әр саланы салыстырмалы түрде қарау керек. Барлығын бір жерге салып қоймай, онда мамандық бойынша бөлек-бөлек қарау керек. Қайда екі адам, қайда бес адам, қай жерде микрокредит алған адам өз шаруасын өзі істеу керек екенін", - деп тапсырды ҚР Премьер-министрі.

Осы тақырып төңірегінде пікір білдірген Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шүкеев "Бастау Бизнес" арқылы оқыған адамға міндетті түрде микрокредит беріледі деген шартты алып тастау керектігін айтты.

"Жиі қойылатын мәселе – Бастау Бизнеске барған адам міндетті түрде несие алуы керек деген түсінік бар. Оны қалай түсінуге болады? Несие берген кезде жауапкершілікті несие ұйымының басшысы өз мойнына алады. "Атамекен" ҰКП оқытады, ал несие ұйымы жауапкершілік алып несие беруі керек. Онда шешім оқытқан кезде қабылданады ғой. Мұның жақсылап басын ашып алу керек. Олай болса, "Атамекен" ҰКП оқыту және несие беру жауапкершілігін де өз мойнына алуы керек немесе оқығанның барлығына несие беріледі деген шартты алып тастау керек. Себебі, бизнес-жоспарды қорғауы керек", - деді Өмірзақ Шүкеев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылық вице-министрі Арман Евниев осы жылы "Еңбек" бағдарламасы мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында қазақстандық кәсіпкерлерге 11 мың микрокредит берілетінін, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес жүргізуді оқыту үшін "Бастау Бизнес" жобасы жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: