Сағынтаев: Инвестиция тарту мәселелері – әр әкімге жүктелген жеке жауапкершілік - Жаңалықтар | BNews

Сағынтаев: Инвестиция тарту мәселелері – әр әкімге жүктелген жеке жауапкершілік

27 ақпан, 14:49 857 Астана
Сағынтаев: Инвестиция тарту мәселелері – әр әкімге жүктелген жеке жауапкершілік

Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы инвестициялар тартудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялар тарту бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселелері бүгін ҚР Үкіметі отырысында қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев аталған бағытта жұмысты жандандыру және жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлады primeminister.kz.

Атап айтқанда, Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы инвестициялар тартудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. Жаңа кәсіпорындар ашылуда, жұмыс орындары құрылып жатыр. Барлық деңгейдегі инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Алайда, жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша қолға алынған шараларға қарамастан, шетелдік инвесторлардың жер жерлердегі қандай да бір өзекті мәселелерді шешу бойынша өтінімдер саны азаймай отыр. Бұл проблемаларды инвесторлар Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес аясында және басқа да диалог алаңдарында айтып келеді.

Қазақстанда 145 басымдықты инвестжобадан тұратын тізім анықталды, оларға тұрақты түрде мониторинг жасалып отырады. Барлық мәселелерді "бір терезе" шеңберінде жедел тәртіпте шешу қажет. Бақытжан Сағынтаев айтып өткендей, "100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында ТҰК мен "сенімді инвесторларды" тарту бойынша міндет тұр. Сондай-ақ, еліміз үшін Қазақстан мен Қытайдың 51 ортақ жобасын іске асыру аса маңызды.

Қазақстан Премьер-министрі "Kazakh Invest" ҰК-мен бірге осы жобалардың әр қайсысы бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің назарын аударды. Адамдарға бұл ескі емес, жаңа жобалар екенін жеткізуіміз керек.

Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ моноқалаларға инвестициялар тарту мәселелерін көтерді. Жаңа жобаларды тарту моноқалаларда жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуі тиіс болатын. Алайда, қазір оған дұрыс көңіл бөлібей отыр. Осыған байланысты инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбекке осы мәселені бақылауға алу жүктелді.

Өңірлерде инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Әр өңірде инвестициялар бойынша арнайы әкімнің орынбасарлары анықталды, "Қазақ Инвест" өңірлік өкілдіктері ашылды, инвесторлардың проблемаларын шешу үшін өңірлік штабтар құрылды. Соған қарамастан, бірқатар облыстарда, оның ішінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында инвестициялар тарту мәселелері басқа өңірлермен салыстырғанда өте төмен деңгейде.

Бақытжан Сағынтаев облыстардың әкімдеріне инвестициялар тарту мәселелерін қатаң бақылауды тапсырды, оған қоса жаңа және іске қосылған жобалардың жұмысының тиімділігі туралы еске салды.  

Тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары