Қаржыны игермеген министрліктер мен әкімшіліктерден қаражат қайтарып алынады – Сағынтаев

16 қазан, 2018, 11:56 2880
Қаржыны игермеген министрліктер мен әкімшіліктерден қаражат қайтарып алынады – Сағынтаев

Премьер-министр бөлінген қаржыны игеру мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қаражатты игере алмаған мемлекеттік органдардан қаржы қайтарылып алынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Үкімет басшысы бұған дейін 9 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржының бәрі алынатыны туралы ескерту жасалғанын атап өтті.

"Бөлінген қаржыны игеру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазір біз бюджетті қайта қарау мәселесін пысықтап жатырмыз. 9 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржының бәрі алынатыны туралы өздеріңізге ескерту жасалған болатын. Осы ұсыныстардың бәрі Қаржы министрі тарапынан берілген. Бюджеттің өзгерістері қаралды. Ертең Парламентте ол туралы баяндалатын болады. Яғни, 9 айдың қорытындысы бойынша қаржыны игермеген әкімшіліктен қаражат қайтарып алынады. Алынған қаржы басқа әкімшіліктер тарапынан жасалған ұсыныстарға беріледі. Кім игеріп жатыр – соған беріледі. Кім игермеді – олардың бәрінен алынады", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, Премьер-министр жыл соңына дейін әлі уақыт бар екенін жеткізді.

"Жылдың соңына дейін әлі үш ай бар. Әр айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы осылай алынып отырады. Әлихан Асханұлы (Қаржы министрі – редакция ескертуі), кімдер игермей жатыр – ол мәселені Парламентке бармай-ақ, өзіміз шешетіндей мүмкіндік болады. Ал игеруге қажет, сұрап отырған әкімдіктердің қарамағына (қаражатты) өткізетін боламыз", - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы бойынша жүзеге асырыла бастаған "7-20-25" бағдарламасын өңірлерде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін мәлімдеді.

Алдымен ҚР Премьер-министрі аталған бағдарлама бойынша өңірлерде жұмыс жүргізіліп жатқанымен, оның қарқыны баяу екенін атап өтті.

"Көптеген өңірлерде жұмыс қарқыны төмен. Ол түсінікті де. Алдағы уақытта сұраныс артса, үй құрылысының қарқыны жоғары болады деген үміттемін. Өйткені, коммерциялық ұйымдар сұраныс болмаған соң үй салмайды. Ал қазіргі таңда аталған жұмысты ұйымдастыру үшін әкімшіліктер барлық құрылыс компанияларын жинап, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Олар қажетті банктермен жұмыс жүргізуі шарт", - деді ол.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев "7-20-25" бағдарламасы бойынша қаржы бөлу мәселесі толығымен шешілгенін атап өтті.

"Аталған бағдарлама бойынша қаржы мәселесі шешілген. Ешнәрседен қорықпай, сол ипотекаға арналған үйлерді соғуға мүмкіндік бар. Осыған баса назар аударуларыңызды сұраймын", - деп сөзін қорытындылады Премьер-министр.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Бақытжан Сағынтаев #Үкімет #мемлекеттік органдар

Читайте также

Похожие новости