Сағынтаев Қызылорда облысын МЖӘ жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары үшін мақтады

29 Марта, 2018, 15:25 3864
Сағынтаев Қызылорда облысын МЖӘ жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары үшін мақтады |  | BNews.kz

Қазіргі кезде аймақтағы балабақшалардың 71% мемлекеттік-жекешілік әріптестік негізінде жұмыс жасауда.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттік-жекешілік әріптестік жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа есеп берді, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобалар денсаулық сақтау, білім беру, көлік және автожолдар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және басқа да салаларда жүзеге асуда. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен аймақ активі және кәсіпкерлерінің кездесуінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлады.

"Мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында Қызылорда облысы бойынша құны 29 млрд теңге 66 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 10 жоба бойынша МЖӘ келісім-шарты жасалды", - деп хабарлады облыс әкімі.

Айта кету керек, өңірде кәсіпкерлер салған 400-ге жуық балабақша бар. 

"Облыс бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 394 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. 2015 жылы біз 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100%  қамтамасыз етіп, елімізде алғашқы болып "Балапан" бағдарламасын жүзеге асырдық. Қазіргі кезде аймақтағы балабақшалардың 71% мемлекеттік-жекешілік әріптестік негізінде жұмыс жасауда. Соңғы 5 жылда олардың саны 2 есеге өсті. Осылайша, біз бюджетті босатып, қаражатты басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағыттап келеміз", - деді Қырымбек Көшербаев.

Өз кезегінде, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыруды бастағанын және аймақтың тәжірибесі өте табысты болғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қызылорда облысына іс-сапармен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация келді. Құрамында ҚР Премьер-министрінің кеңсе басшысы, Инвестициялар және даму министрі, Ұлттық экономика министрі, Ақпарат және коммуникациялар министрі, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компания және даму институттарының басшылары бар. 

Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев және делегация өкілдері облыс активі және кәсіпкерлері, сонымен бірге әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. "Қараөзек" газкомпрессорлы стансасында болып, Арал ауданындағы "Аралтұз" АҚ және балық өңдеу зауыттарының жұмысымен танысты. Осында қоғам өкілдерімен кездесу өтіп, Солтүстік Арал жобасын іске асыру, суармалы жерлер және ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында шағын несие беруге байланысты сауалдарды талқылады. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы және ғарыш кешенінің жұмысымен танысты. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысында өңір активімен, аудан әкімдерімен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, аймақтағы бизнесті дамыту мәселесін талқылады. Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бизнесті дамытуға не кедергі келтіретінін, шешімін табудың қандай жолдары бар екенін және қалай көмектесуге болатынын білуі қажет екенін айтты.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13861

Похожие новости