Сағынтаев ҚР Бас прокуратурасының цифрландыру жобаларымен танысты

24 қазан, 2018, 18:17 1569 Астана
Сағынтаев ҚР Бас прокуратурасының цифрландыру жобаларымен танысты

Цифрландырудың негізгі бағыттары арасында "электрондық қылмыстық іс", "электрондық өтінім" жобалары бар.

Астанада ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Бас прокуратураны цифрландыру барысымен: жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары, алғашқы нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап. Шараға тәжірибе жүзінде жаңа цифрлық технологияларды енгізіп жатқан мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров қадағалаушы орган қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізудің біртіндеп электрондық форматқа көшіп, мемлекеттік органдардың тексерістерін тіркеу және азаматтардың өтініштерін қарау процестері автоматтандырылып жатқанын айтты.

Жобалардың негізгі мақсаты - азаматтардың құқықтарын қорғау кезінде, сот төрелігіне және процестердің айқындығына жылдам қол жеткізуді қамтамасыз етуде барынша тиімділікке қол жеткізу.

Цифрландырудың негізгі бағыттары арасында "электрондық қылмыстық іс", "электрондық өтінім", "әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі", "тіркеу объектілері субъектілерінің бірыңғай тізілімі" және "талдау орталығы" жобалары бар.

"Талдау орталығы" жобасы құқық қорғау органдарының криминогендік ахуал мен әлеуметтік шиеленісушілік мәселелерін анықтауға арналған көмекшісі. Сондай-ақ, қылмыстарды анықтауға ықпал ететін, жасанды зердені қолдану арқылы тергеушінің көмекшісі қызметі жүзеге асырылады. Биыл жеңіл қылмыстар бойынша "Е-қылмыстық іс" жобасының бірінші кезеңі іске асырылуда. Жалпы алғанда, жобаны электрондық форматта іске асыра бастаған уақыттан бері 12 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тергеу жүргізілді, оның ішінде 4 мыңға жуығы сотқа жіберілді.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда әкімшілік іс жүргізу автоматтандырылып жатыр. 1,5 мыңға жуық полиция қызметкері планшеттермен және принтерлермен қамтылды. 330 мың электрондық хаттама жасалды.

Бизнесті тексеруді автоматтандыру жобасында да оң әсер байқалуда. Жоба модульдерінің бірі (2018 жылдың 1 шілдесі) іске қосылған сәттен бастап электронды форматта шамамен 50 мың тексеріс тіркелген, оның 27 мыңы — кәсіпкерлерге қатысты. Барлық үдеріс автоматтандырылған және ешбір мемлекеттік орган жүйеден тыс тексеру жүргізе алмайды.

Бұдан өзге, Бас прокуратура азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін беру және кеңейту процестерін автоматтандыруға бағытталған "Электрондық өтінімдер" жобасын енгізіп жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар