Сағынтаев мемлекеттік қызметтердің электронды форматтағы сапасын арттыруды тапсырды

15 Января, 2019, 14:49 1877
Сағынтаев мемлекеттік қызметтердің электронды форматтағы сапасын арттыруды тапсырды |  | BNews.kz

Сондай-ақ, Премьер-министр осы бағыттағы халық арасындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселесіне тоқталды.

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "электронды Үкіметті" және мемлекеттік қызметтер көрсетуді дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.

Елбасы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызметтердің 2020 жылы кемінде 90% электронды форматқа көшіру туралы тапсырма берді.

Бүгінде мемлекеттік қызметтер тізілімінің 741 атауы бар. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, олардың 454-і немесе 61%-ы электронды форматта қолжетімді. Ал 165 мемлекеттік қызмет тек қана электронды түрде көрсетіледі. Олардың жартысына жуығы – лицензиялар мен рұқсат құжаттары, сондай-ақ, кәсіпкерлікті субсидиялау қызметтері. Бұл қадамдардың барлығы бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерді жою үшін қолға алынған. Өткен жылы 64 жаңа мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілді.

Электронды мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі құралы - электронды үкімет порталы. Бүгінгі таңда e-GOV-қа 8,5 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. 2018 жылдың өзінде осы портал арқылы 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оңтайлануы тиіс 588 мемлекеттік қызмет анықталды. Оларды электронды форматқа ауыстыру тұстары жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ рәсімдеу уақытын, құжаттар тізбегін қырсқартуды, композиттік немесе проактивті формада анықтама беру тәсілдерін, артық рәсімдер мен келісімдерді қысқарту тұстары да толық пысықталды. Осы жұмыстардың қортындысы бойынша 141 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр. Ал 447 мемлекеттік қызмет түрлерінің кейбір құжаттары мен мерзімін қысқарту қарастырылған. Бұл азаматтардың уақытын үнемдейді.   

Мәселен, еңбекке жарамсыздығы туралы берілетін парақты электронды форматқа көшіру көзделген. Ыңғайлы болуымен қатар, бұл ұлт денсаулығы жөніндегі деректерді бір электронды базаға топтастыруға жол ашады. "Big Data" технологиясының көмегімен жиналған деректерді денсаулық сақтау мен фармакология саласында тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Бұдан өзге, "Баланы патронаттық тәрбиеге беру" мен "Патронаттық тәрбиелеушілерге қаржы бөлу" сияқты екі мемлекеттік қызмет біріктірілді.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ақпаратына сәйкес, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жүз пайызын автоматтандыру мүмкін емес. Өйткені, тиісті маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын да қызмет түрлері бар. Мәселен, мүмкіндіктері шектеулі балаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық кеңестік көмек көрсету қызметі. Осындай бағыттағы қызметтердің процестері мен мерзімдерін неғұрлым оңтайландыру үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр.

Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның барлық ұсыныстарын жүзеге асыру үшін 486 жол картасы бекітілді. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша 76 мемлекеттік қызмет оңтайландырылды.

2018 жылдың қорытындысы бойынша келесі рәсімдер жеңілдетілді:

Біріншіден, жүргізуші куәлігін алу мен көлік құралын тіркеу электронды өтінім арқылы қабылданады. Қазіргі уақытқа дейін бұл қызмет түрі 23 мыңнан астам рет пайдаланылған. Бұған дейін бір көлікті тіркеу 6 сағатқа созылса, қазір 2-ақ сағат уақыт жұмсалады. Көлікті сату немесе сатып алуға 20 минут уақыт жеткілікті. Қағаз жүзіндегі құжаттар қажет емес. "Қазпошта" арқылы дайын құжат пен көлік нөмірін жеткізіп беру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, азаматтар өздеріне ұнаған кез-келген мемлекеттік көлік нөмірін иемденуге мүмкіндік алды.

Екіншіден, әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын дереу тексеріп алуға болады.

Үшіншіден, проактивті режимде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жалғастыру жоспарланып отыр. Олар: мүгедектікті анықтау, жәрдемақы тағайындау, ақшалай төлемдер, әлеуметтік төлемдер, протез-ортопедиялық көмек және тағы басқаларына байланысты. Осылайша аталған әлеуметтік көмектерді мүмкіндіктері шектеулі жандар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келмей-ақ, кешенді түрде қабылдауға мүмкіндік алады.

Электронды үкіметтің mGov мобильді қосымшасын дамыту тұрғысынан, бүгінгі таңда mGov арқылы 87 қызмет пен сервисті ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл қосымшаны қазір 1,3 млн азамат тұтынып отыр. 2018 жылдың өзінде m-Gov арқылы 3,6 млн қызмет көрсетілген. 

Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру аясында 43 Заң мен 10 кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасы 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыруға бағытталған бірқатар түзетулерден тұрады. Атап айтқанда: некені тіркеу қызметін оңтайландыру (1 айға созылған процесті 3 жұмыс күнінде рәсімдеуге мүмкіндік береді), салық төлеушілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару, мемлекеттік қызметтер ұсыну тәртібін реттеу бойынша жалпы алғанда 3,5 мыңнан астам стандарт пен регламент өзгереді,сонымен қатар, «пилоттық жоба» түсінігін енгізу жоспарланып отыр. Осы шаралардың нәтижесінде 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80%-ы, ал 2020 жылы - 90%-ы автоматтандырылады. Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 млн құжат қысқарады.

Еске сала кетейік, 2018 жылы электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ өткізген зерттеулер нәтижесінде, Қазақстан даму қарқыны өте жоғары мемлекеттер арасында 39-орынды иеленді. Қазақстанның электронды үкіметі қазір е-GOV 2.0. сатысында тұр. Қазіргі таңда "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының аясында e-GOV 3.0 сатысына көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл саты Оңтүстік Корея, Австралия, Сингапур, Ұлыбритания, Дания мен Швецияда игерілген. Айта кету керек, e-GOV 3.0 сатысы "Жасанды зерде", "Проактивті қызметтер", "Цифрландырылған өмір сәттері", "Заттар интернеті" мен т.б. элементтердің енгізілуімен сипатталады. ҚР АКМ деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2021 жылы е-gov 3.0 сатысына толық көшу көзделген.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ басқарма төрағасы А. Оспанов мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі 741 қызметтің 598-і Мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді екенін айтты. Оларға 325 фронт-офис, Қазақстан бойынша 6 секторыбар 16 мамандандырылған ХҚКО, соның ішінде Алматыда 4 сектор және Түркістан облысында 2 сектор, 70 мобильді ХҚКО және "Қазпошта" АҚ 1656 бөлімшесі қатысады. Сонымен қатар, азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында 60/40 жаңа қағидатына сәйкес, фронт-офистерді кеңауқымды трансформациялануы жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа тетігі іске қосылды. Енді азаматтар қызметті бет-бейнесі немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады, соның арқасында электронды цифрлық қолтаңба қолдану немесе жеке куәлікті ұсыну қажеттілігі жойылады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев орындалып жатқан жұмыстың сапасын арттыруды тапсырды. Тек 4639 көлік онлайн-тіркеуден өткені, тек 18 мың адам жүргізуші куәлігін алғаны аталып өтті. Халыққа осы қызметтердің пайдалылығын ескере отырып, көрсеткіштердің төмен болуының себебі — халық арасында түсіндіру жұмыстарының нашар екені айтылды. Б. Сағынтаев мемлекеттік қызмет көрсету секторын цифрландыру туралы түсіндіру жұмыстарын өткізуді, сондай-ақ халықты қажетті цифрлық дағдыларға жүйелі негізде оқытуды тапсырды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта беру жұмысын жетілдіру қажет. Атап айтқанда, mGov мобильдік қосымшасында қолжетімді мемлекеттік қызметтердің санын ЭЦҚ-сыз бір реттік пароль бойынша, бір өтініш негізінде ұлғайту, сондай-ақ қажетті заңнамалық өзгерістерді уақытылы қабылдауды қамтамасыз ету. Бұл - халық үшін аса маңызды. Осыған орай, жобалық офис аясында мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшірудің нақты мерзімдерімен мақсатты индикаторларын белгілеу тапсырылды.

Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік қызметтер саласын дамыту мәселелері Мемлекет басшысының айрықша бақылауында екенін және "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенін атап өтті. Үкімет жыл сайын ҚР Президентіне есеп береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп дайындау қажет. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне бір ай уақыт ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен, Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, биыл электронды форматқа көшіруге тиісті мемлекеттік қызметтердің тізбесін жасау тапсырылды. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға аталған тізімді уақытылы іске асыруға қатысты шаралар қабылдап, тиісті Жол карталарын әзірлеу, ведомствоаралық өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету және жүйелерді интеграциялау шараларын қабылдау тапсырылды.

Бұдан өзге, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне және Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметтер көрсету процестеріне мониторинг пен талдау жасаудың тиімді жүйесін құру қажет.

olshem.kz

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13981

Похожие новости