Сағынтаев облыс әкімдеріне жеке инвестицияларды тарту жұмысын күшейтуді тапсырды

23 қазан, 2018, 15:07 1658 Астана
Сағынтаев облыс әкімдеріне жеке инвестицияларды тарту жұмысын күшейтуді тапсырды

Премьер-министр қосымша жұмыстардың орындалуын талап ететін бірқатар аспектіге назар аударды.

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында инвестицияларды тарту мәселесін қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және ел экономикасына тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялар тартудың барлық түйінді көрсеткіштері өсті. Жаңа кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындары құрылуда. Инвесторларға барлық деңгейлерде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Инвестициялар тартудың жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр. Дегенмен, Премьер-министр қосымша жұмыстардың орындалуын талап ететін бірқатар аспектіге назар аударды.

Бірінші. Инвесторлармен жұмыс істеу үшін әкімдердің арнайы орынбасарлары тағайындалды, әр өңірде Kazakh Invest өкілдері мен инвесторларға қызмет көрсету орталықтары бар, өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Осылайша, өңірлерде инвесторларды тарту үшін тиімді жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалған. Облыстардың әкімдеріне барлық штабтың жұмысын үйлестіру және өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2005–2017 жылдар аралығында елімізге $264 тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Алайда, инвестициялардың көлемі жеке қаражаттарды тарту жұмыстарын көрсетпейді. Жалпы, Шымкентте инвестициялар 275%-ға өскен, ал жеке қаржы үлесі тек 65%-ды құрайды. Осындай жағдай Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Астана қаласында белгіленген. Осыған орай Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің назарын жеке инвестициялар тарту көлемін арттыру қажеттігіне аударды. Осы мақсатта жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасау тапсырылды.

Бұдан өзге, шет елдердегі өкілдіктерде де бұл жұмыс күшейтіліп, нақты үйлестірілуі тиіс. Елшіліктердің негізгі жұмысы — инвестициялар тарту мәселелері. Қандай елден, қай елшіліктің көмегімен қанша инвестициялар тартылғанын анықтау мақсатында, барлық елшіліктер жұмысындағы тартылған инвестицияларға және олардың жұмысының KPI-на талдау жүргізу тапсырылды.

Екінші. Өңірлерде өткізіліп жатқан инвестициялық форумдар: әрбір өңірлік форум қорытындысына сәйкес бірқатар жобалар бойынша көптеген меморандумдар мен келісімдерге қол қойылады. Бақытжан Сағынтаев қол қойылған меморандумдар бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру сапасын арттырып, талдау жүргізуді тапсырды. Кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуі ел экономикасын өсіруге қосымша ықпал етеді.

Үшінші. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар елімізге отбасы мүшелерімен бірге келеді. Соған орай, оларды тіркеу, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен, мектептермен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету және басқа да сервистік қызмет көрсетуге қатысты мәселелер жиі туындайды. Осыған байланысты барлық инвесторларға қызмет көрсетуді бір порталда орталықтандырудың маңыздылығы атап өтілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар