Сағынтаев ОҚО-дағы болат блюм шығаратын алғашқы зауыт құрылысымен танысты

28 наурыз, 2018, 20:19 1814 Оңтүстік Қазақстан облысы
Сағынтаев ОҚО-дағы болат блюм шығаратын алғашқы зауыт құрылысымен танысты

"Shymkent Тemir" ЖШС "Оңтүстік" индустриалды аймағында орналасқан.

Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Оңтүстік" индустриалды аймағында орналасқан "Shymkent Тemir" ЖШС-ның құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BNews.kz ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Болат шығарумен айналысатын кәсіпорынның құрылысы 2017 жылы басталған. Ағымдағы жылдың сәуір айында іске қосылатын жобаға 5,94 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылына 250 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 600 азамат жұмыспен қамтылмақ. Жоспар бойынша дайын өнім Орта Азия елдеріне экспортталатын болады. Жоба ҚР Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысына облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов ақпараттық стенд арқылы 2018 жылы Индустрияландыру карта аясында іске асырылып жатқан 20 жобаны таныстырып өтті.

Жалпы оңтүстікте 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Зауыттың технологиялық процестері туралы айтқан кәсіпорынның бас директоры Бауыржан Әлтеев мұнда тауар тасымалдауға арналған теміржол рельстері тартылғанын атап өтті. Одан бөлек, қуаты 63 МВт тартатын электр станция салынғанын, енді бірер күнде газ құбыры мен ауыз сумен қамтылатын жеткізді.

Сондай-ақ, 2019 жылдың соңына қарай өндірістік қуаттылықты 500 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Бұл өндіріс ошағы Қазақстанның оңтүстік аймағындағы болат сүлгілерін шығаратын ірі өндіріс орны болып саналады. Мұнда 40 тонналық индукциялық пештер мен 3 қолмен басқарылатын үзіліссіз болат құятын қондырғы орнатылған. Кәсіпорын өнімдері толығымен эспортқа шығарылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік", "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысымен танысу мақсатында барды.

Оңтүстік Қазақстан облысына ресми сапары барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жоспардағы бағдарламадан тыс, Сарыағаш ауданындағы "Жібек жолы" кеден бекетінде болды. Халықаралық бақылау-өткізу бекеті Өзбекстанмен шекарада Жібек жолы кентінде орналасқан. Мұнда екі бағытта шекарадан өтетін адамдар мен көлік құралдарының шекаралық бақылауы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 56 мың тұрғынға шақталып салынып жатқан Shymkent City тұрғын алабын аралап көрді. Shymkent Сity 420 га-дан астам аумаққа салынып жатыр. 2025 жылға дейін мұнда 324 көп қабатты үй, мектептер мен балабақшалар салынады деп жоспарлануда. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар