Сағынтаев WorldSkills Kazakhstan чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

07 желтоқсан, 2018, 19:47 3672 Астана
Сағынтаев WorldSkills Kazakhstan чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

Жеңімпаздар 2019 жылы Қазанда өтетін халықаралық чемпионатта Қазақстан атынан сайысқа түсетін болады.

3-7 желтоқсан аралығында WorldSkills Kazakhstan төртінші чемпионаты өтті, деп хабарлады primeminister.kz. Төрт күн бойы еліміздің барлық өңірлерінен келген колледждердің 350-ден астам студенттері 30 түрлі мамандық бойынша жұмыс дағдылары деңгейімен сайысты. Байқау техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ашты.

Бақытжан Сағынтаев еліміздің барлық өңірлерінен келген колледждердің студенттеріне сайысқа қатысқандары үшін алғыс білдіріп, барлық ұйымдастырушыларды, демеушілер мен қонақтарды республикалық чемпионаттың аяқталуымен құттықтады. Премьер-министр "Атамекен"  Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жуырда өткен кеңейтілген отырысында бизнес өкілдері шақыруды қабыл алып, келесі жылдан бастап WorldSkills Kazakhstan қауымдастығымен білікті кадрларды даярлау бойынша белсене жұмыс істейтінін хабарлады.

WorldSkills Kazakhstan чемпионатының басты мақсаты - жұмысшы кәсіптерінің абыройын арттыру, жас жұмыскерлерге қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен жоғары біліктіліктерді алу мүмкіндігін беру.

Қазақстанның "World Skills" қозғалысына 2014 жылы қосылғаны атап өтілді. Соған қарамастан, айтуға тұрарлық нәтижелер бар. Егер 2015 жылы Сан-Паолода өткен WorldSkills Competition бірінші әлем чемпионатында қазақстандық команда 50-ші орында болса, 2017 жылы Абу-Дабиде өткен жарыста 24-ші орынды иеленді. Сонымен қоса, елімізде кәсіптік-техникалық және жоғары білімнің дамуы, бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін перспективалар ашып отыр.

Үздіксіз оқыту мен жаңа кәсіптерді игеру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұл жұмыс үрдістерінің технологиялық жаңаруымен байланысты. Осыған байланысты, Үкімет жұмыс берушілермен, шетелдік сарапшылармен бірлесіп құбылмалы еңбек нарығында отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын одан әрі жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр.

Қазақстан Премьер-министрі бірқатар чемпионат қатысушыларының көрнекті жұмыстарын айрықша атап өтіп, жеңімпаздарға алты құзырет бойынша марапаттар тапсырды:

бизнеске арналған IT жобалар (3 орын - И. Абдулабаев, 2 орын - И. Чупрынин, 1 орын - М. Соколовский);

электроника (3 орын - А. Просецкий, 2 орын - О. Халимов, 1 орын - П. Фетисов);

веб-дизайн (3 орын - Н. Минеев, 2 орын - А. Мунько, 1 орын - И. Симанов);

графикалық дизайн (3 орын - Ф. Евдокимов, 2 орын - И. Медхатов, 1 орын - Д. Болат);

компьютерлік құрылымдау технологиясын қолданумен CAD инженерлік графикасы (3 орын - С. Жайлауов, 2 орын - О. Шатерников, 1 орын - Д. Зорин);

наубайхана ісі (3 орын - И. Бородулина, 2 орын - А. Марқабай, 1 орын - А. Аманғосова).

Марапаттау салтанатына сонымен қатар Парламент Сенатының депутаты Б. Әйтімова, Парламент Мәжілісінің депутаты Ж. Нұрманбетова, Премьер-министрдің орынбасары Е. Досаев, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова және басқалары қатысты.

Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары 2019 жылы Қазанда өтетін халықаралық чемпионатта Қазақстан атынан сайысқа түсетін болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар