Сағынтаев жоғары білім беруді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді - Жаңалықтар | BNews

Сағынтаев жоғары білім беруді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

16 тамыз, 2018, 17:53 3161 Астана
Сағынтаев жоғары білім беруді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Кеңес барысында жоғары білім беру сапасын арттырудың жаңа тәсілдеріне қатысты мәселелер талқыланды.

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасын арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.  

Кеңес барысында жоғары білім беру сапасын арттырудың жаңа тәсілдері, оның ішінде заманауи бағдарламаларды әзірлеу, түлектерді сертификаттау, академиялық адалдық жүйесін енгізу, ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларының рейтингісін жүргізу бағыттарына қатысты мәселелер талқыланды. Еліміздің жаңа экономикасына кадрларды даярлау сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешені, сондай-ақ "Академиялық адалдық лигасы" қауымдастығын құруды және барлық жазбаша жұмыстарға "Антиплагиат" жүйесін жаппай пайдалануды қарастырады.

Шарада сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғары оқу орындарының білім беру үдерісіндегі қазіргі жағдай туралы баяндап, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін, оның ішінде халықаралық деңгейде арттыруға және мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған шаралар кешенін ұсынды.

Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ. Мұтанов, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Д. Шыныбеков, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Т. Балықбаев, С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Т. Нұрғожин, М. С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Т. Нәрікбаев, Алматы Менеджмент Университетінің ректоры Г. Қорғанбаева және тағы басқалар өз ұсыныстарын білдірді.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев тиісті мемлекеттік органдарға аталған ұсыныстарды мұқият зерделеуге және осы жылдың соңына дейін бұл мәселе бойынша кезекті кеңесті өткізуге тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар