Сағынтаев Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесіне қатысты

Написать нам
13 қазан, 2018, 10:40 2697
Сағынтаев Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесіне қатысты

Ұйым 2001 жылы құрылған.

Душанбеде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің Үкімет басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы XVII отырысына қатысты, деп хабарлайды BNews.kz /primeminister.kz-ке сілтеме жасап. Сондай-ақ, отырыс алаңында ШЫҰ мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.  

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ШЫҰ ҮБК отырысының төрағасы ретінде өз елінде үкіметтік делегациялардың басшыларын қабылдады. Ұжымдық кездесу барысында Ұйым кеңістігіндегі тұрақты экономикалық даму, гуманитарлық байланыстарды нығайту, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік қауіптерімен бірлесіп күресу мәселелері талқыланды.

Отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шараға қатысушылар ШЫҰ мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасының іске асырылу барысын қарап, ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің жұмысы туралы есептерді тыңдады. Сауда-саттықты, соның ішінде электронды сауданы дамытуға, инвестициялар, инфрақұрылым, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Бұдан өзге, отырыс қатысушылары киберқауіпсіздікпен қамтамасыз ету, аймақта терроризммен, экстремизммен және есірткі тасымалымен күресті күшейту мәселелерін қозғады.

Қазақстан Үкіметі ШЫҰ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде бірқатар бастама білдірді.

Цифрландыру және жаңа технологиялар саласында тәжірибе алмасу алаңын құру, инвестициялар, электронды сауда-саттық, заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері көтерілді. Бұдан өзге, мультимодальды тасымалдарды бірлесіп ұйымдастыру және көлік инфрақұрылымының тармақты желісін құру қажеттігі аталып өтті. Бұл аймақтық сауда-саттықты дамытуға және ШЫҰ елдерінің ұлттық өнімдерін әлемдік нарықтарға шығаруды кеңейтуге серпін береді.   

Сонымен қатар, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ШЫҰ мүше мемлекеттердің қаржы институттарын АХҚО жұмысына белсенді түрде қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Астанада "Жасыл" технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, сондай-ақ, "Astana Hub" АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің іске қосылуы, өз кезегінде, цифрлық және көлік-логистикалық инфрақұрылым, "Индустрия 4.0" технологиялары мен құзыреттері, сондай-ақ, DATA-орталықтарды дамыту саласындағы бірлескен бастамалардың бірлесуіне жол ашатыны аталып өтті.

ШЫҰ ҮБК отырысы алаңында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ШЫҰ мүше елдердің және бақылаушы мемлекеттердің үкіметтік делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізгенін айта кеткен жөн.

Тараптар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл маусым айында Қытайға мемлекеттік сапары кезінде жоғары деңгейде жасалған келісімдердің іске асырылу барысын талқылады. Еске салайық, бұл сапар нәтижесінде жалпы сомасы $13 млрд болатын 50-ге жуық ірі келісімшарт жасалған еді.

Сонымен қатар, "Нұрлы жол" бағдарламасын және "Бір жол, бір белдеу" стратегиясын тоғыстыру аясында елдер арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Бұдан өзге, логистикалық және өнеркәсіптік бизнесті одан әрі дамыту үшін "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнай экономикалық аймағының жұмысының маңыздылығы айтылды. Бүгінгі таңда АЭА аумағында жеке инвесторлар $1,7 млрд жуық сомаға жобаларды іске асырып жатыр.

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар–шілде айларында $6,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7% артық ($5,8 млрд). Қаңтар–шілде айларында ҚР-дан ҚХР-ға экспорт $3,1 млрд құрады.

Премьер-министрлер жақында болған VI Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының маңыздылығын атап өтті, оның алаңында бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жаһандық деңгейдегі жасампаздық идеяларын ілгерілетуге баса назар аударылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар