Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің 14 жәдігері қалпына келтірілді - Жаңалықтар | BNews

Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің 14 жәдігері қалпына келтірілді

08 ақпан, 12:10 1608 Астана
Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің 14 жәдігері қалпына келтірілді

2017 жылы Астанада "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында 44 музей жәдігері қайта қалпына келтірілді.

Реставрациядан өткен экспонаттардың ішінде көрнекті қайраткер Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары да бар деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының шеңберінде Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің 14 жәдігері қайта қалпына келтірілді. Атап айтқанда, реставрациядан қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өзі қолданған әтірі, қолшатыры, 1927 жылы төте жазумен басып шығарылған тарихи-мемориалдық роман - "Тар жол тайғақ кешу" кітабы, А. Затаевичтің "Қазақ халқының 1000 әні" кітабы, балаларға арналған "Ленин и Махмут" кітабы, Т. Жароковтың "Песня мотора" кітабы, А. Пушкиннің "Драмы Евгения Онегина", "Собрании соченении" кітаптары, Г. Серебрякованың "Странствия по минувшим годам" кітабы, Е.Исмаиловтың "Сәкен Сейфуллин" кітабы, сондай-ақ, "Песня о пилотах", №1-2 "Әдебиет майданы", №5 "Әдебиет майданы", "Абай Құнанбаев" кітаптары өтті.

Сәкен Сейфуллин атындағы музей директорының орынбасары Гүлнәзия Ыбыраева арнайы комиссияның бұл жәдігерлерді бекерден таңдамағандығын айтады.

"Экспонаттар арнайы комиссияның шешімімен таңдалып, қайта қалпына келтірілді. Бұл - өте құнды жәдігерлер. Әсіресе, араб әліпбиінде басып шығарылған тарихи-мемориалдық роман - "Тар жол тайғақ кешу" кітабы таптырмайтын қазына. Бұл кітапты біздің музейге Сәкеннің Мәжит есімді інісінің жұбайы - Әмина Сейфуллина тапсырды. Кезінде осы кітапты иеленуді қалаған азаматтар оның құнын бір Волгаға бағаласа керек", - дейді Гүлнәзия Ыбыраева.

Сәкен Сейфуллин атындағы музей 1988 жылдың 20 ақпанында ашылған болатын. Мұражай залдарында Сейфуллиннің сирек кездесетін кітаптары, фотоқұжаттары мен мұрағат материалдарының фото және ксерокөшірмелері, тұтынған заттары жинақталған.

Мұражай қорында бүгінгі таңда алты мыңға жуық жәдігер бар. Экспозицияны келушілер сейсенбі мен жексенбі күндерінің аралығында таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін тамашалай алады. Мектеп оқушылары үшін кіру құны -150, ересектер үшін - 300 теңге.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары