Салық жүктемесін төмендету 2 млн азаматқа қосымша кіріс алуға жол ашады

22 қаңтар, 2019, 12:15 1586
Салық жүктемесін төмендету 2 млн азаматқа қосымша кіріс алуға жол ашады

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов барлық жұмыс берушілер өзгерістермен танысқанын, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Бүгін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлады primeminister.kz.

Бес әлеуметтік бастаманың екінші бағытын іске асыру аясында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады.

"Барлық дайындық жұмыстары жүргізілді және аяқталды. Заңнамалық өзгерістер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, салық төлеушілердің арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу көзделген, нормалар қолданылуда", - деді Руслан Дәленов.

Бірінші вице-министр заңнамалық өзгерістерге қатысты, Салық кодексінде жалақысы 63 125 теңгеден төмендер үшін тәртіп өзгергенін айтты. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 млн-ға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады.

Жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу бойынша айтар болсақ, өзгерістер жергілікті бюджеттердің шығындарына әкеледі. Осыған орай, аталған шығындар республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды және мақұлданды. Республикалық бюджетте трансферттер көзделген. Осылайша, жергілікті бюджеттердің кірістері жеңілдіктердің арқасында азаймайды.  

Бұған қоса, Руслан Дәленов барлық жұмыс берушілер өзгерістермен танысқанын, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, екінші бастамада жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеу тапсырылған. Бірінші вице-министрдің айтуынша, халықаралық тәжірибе зерделенді және жалдамалы еңбекке ақы төлеудегі ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізілді.

Жалпы, ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту туралы тапсырма орындалды.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #салық #вице-министр

Читайте также

Похожие новости