"Самұрық-Қазына" электрондық сатып алу жүйесін іске асырмақ - Жаңалықтар | BNews

"Самұрық-Қазына" электрондық сатып алу жүйесін іске асырмақ

28 ақпан, 2018, 15:39 1404 Астана

Енгізілетін жүйедегі негізгі жаңашылдықтың бірі – порталда тапсырыс берушілер тікелей онлайн режимде шешім қабылдай алады.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры шілде айында электрондық сатып алу жүйесін жүзеге асыратын порталды іске қосады. Аталған жүйені іске қосу нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдерінің қандай да бір тауарға тапсырыс беру және сатып алу үрдісі жеңілдетіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды BNews.kz

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ Операциялық қызмет бойынша басқарушы директорының орынбасары Болат Жұмағалиев тапсырыс берушілер мен жеткізушілер пайдалана алатын ыңғайлы алаң құру компанияның негізгі мақсаты екенін айтты.

"Сатып алу жүйесін жетілдіргіміз келетін негізгі мақсатымыз – сатып алумен байланысты барлық қызмет түрін ауыстырғымыз келеді, яғни бұл жоспарлаудан бастап, қорытындылау, сондай-ақ келісімшарт жасауға дейін сатып алудың ортақ порталы болады. Біз барлық қолданушы, яғни әлеуетті тапсырыс берушілер мен жеткізушілер пайдалана алатын ыңғайлы алаң құрғымыз келеді", - деді Болат Жұмағалиев.

Енгізілетін жүйедегі негізгі жаңашылдықтың бірі – бұл порталда тапсырыс берушілер тікелей онлайн режимде шешім қабылдай алатын болады. Олар онлайн режимде өздерінің сатып алу жоспарларын бекітеді, хабарландыру бойынша шешім қабылдайды, келісімшарт жасасады. Бұл барлық жүйеге қатысушылар мен пайдаланушыларға маңызды ақпаратты порталда бірден көруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа ұлттық компания бұл порталда жүйеге деген сенімді қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ол үшін қазіргі таңда әлемде дамып келе жатқан ең жаңа технологиялар пайдаланылмақ. Жүйеге деген сенімді арттыру үшін блокчейн технологиясын пайдалану ұйғарылып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясы іске қосатын электрондық сатып алу жүйесін жүзеге асыратын порталдың нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері 300 млрд теңгенің тендеріне қатысуға мүмкіндік алады. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: