"Самұрық-Қазына" бұғатталған қаражатты уақытынан бұрын шешіп алды - Жаңалықтар | BNews

"Самұрық-Қазына" бұғатталған қаражатты уақытынан бұрын шешіп алды

03 тамыз, 15:39 3134 Астана

Босатылған қаражат нарықтағы көрсеткіштерден төмен ставкамен қарызға беріледі.

"Самұрық-Қазына" АҚ "Қазкоммерцбанктен" көлемі 117 млрд теңге көлеміндегі бұғатталған депозиттегі қаржысын мерзімінен бұрын шығарып алды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Қор "Қазкоммерцбанк" АҚ-да көлемі 117 млрд теңгені құрайтын бұғатталған депозиттегі қаржысын мерзімінен бұрын алды, сондай-ақ кезекті екінші деңгейлі банкпен 220 млрд теңге көлеміндегі депозитті қайтару туралы келісім-шартқа қол қойылды. Босатылған қаражат нарықтағы көрсеткіштерден төмен ставкамен "Самұрық-Қазына" Қорының қоржындық компанияларына қарызға беріледі. Анықтап айтқанда, "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ – 75 млрд теңге, "Қазақтелеком" АҚ – 75 млрд теңге және "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ - $200 млн алады", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ Экономика және қаржы жөніндегі тең-басқарушы директоры Ернар Жанәділ бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сондай-ақ, операциялық қызмет бойынша жоспар 78%-ға орындалып, табыс көлемі 428 млрд теңгеге жетті, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 43,1%-ға артық.

"Мұнай өңдеу көлемі 13%-ға, электр энергиясының өндірісі 28%-ға, темір жол жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты. Мұнда көмірсутектер бағасының оң қарқыны елеулі маңызға ие болды", - деді Ернар Жанәділ.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихаты кезінде "Самұрық-Қазына" АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал бірінші жартыжылдықта аталған нәтижелерге жаңа Даму стратегиясының  аясында Қорда жүзеге асырылған құрылымдық өзгерістердің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

"Нақтылап айтқанда, Холдингтің еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқартылды. Құны 28,5 млрд теңге болатын 15 актив сатылды.  Бұл бағытта "Самұрық-Қазына" қоры тағы 51 активті сатып, 102 стратегиялық маңызы жоқ активтен шығуды жоспарлауда. Аталған жұмыс жекешелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады", - деді Самұрық-Қазына" АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал.

Сонымен қатар, ол жаңа стратегия аясында құру жоспарланған келешек буын Қорының тұжырымдамасын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, егер бұған дейін қордың мандаты тек әл-ауқатты жасау болса, жаңа стратегия аясында ол қос рөл атқарады.

"Бұл – келер ұрпақ үшін Қазақстанның әл-ауқатын нығайту және сақтау. Біз теңгерімді әртараптандырамыз, одан кейін Қазақстанға қаржы ресурстарының ағынын қамтамасыз етеміз. Бұдан өзге, компанияның акционерлеріне төленетін дивидендтер көлемін ұлғайтуды, келер ұрпақтың әл-ауқатын сақтауды көздейміз. Келер ұрпақ қорының бұл мандаты басқа да әлемдік ұлттық әл-ауқат қорларының мандаттарына ұқсас",  - деді  Балжит Гревал.

Еске сала кетейік, "Самұрық-Қазынаның" негізгі қызметінің кірісі 3,3 трлн теңгені құрағаны туралы осыған дейін айтқанбыз. Бұл өткен жылдың балама кезеңімен салыстырғанда 27%-ға артық. Ағымдағы жылдың сәуір айында Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ел Президентіне Қордың жаңа даму стратегиясын таныстырған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаманы қолдап, мақұлдап, ойластырылған шараларға оң бағасын берген еді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: