Сенат комитетінде әуе кемелеріндегі қылмыстың алдын алуға бағытталған халықаралық шарттар қаралды

07 қараша, 2018, 18:07 3863 Астана
Сенат комитетінде әуе кемелеріндегі қылмыстың алдын алуға бағытталған халықаралық шарттар қаралды

Әуе кемесінің және оның бортындағы адамдардың немесе мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар мен актілерді жасайтын адамдарға қатысты әуе кемесі командирінің өкілеттіктері айқындалды.

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында "Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны және Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1963 жылы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенция әуе кемесінің бортында жасалатын қылмыстар мен өзге де актілерге қатысты юрисдикцияны мемлекеттердің жүзеге асыруы тәртібін белгілейді. Әуе кемесінің және оның бортындағы адамдардың немесе мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар мен актілерді жасайтын адамдарға қатысты әуе кемесі командирінің өкілеттіктері айқындалды.

2014 жылы 4 сәуірде Монреальда қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттама уағдаласушы мемлекет, егер ол әуе кемесін пайдаланушы болып табылса, әуе кемесінің бортында жасалған қылмысқа қатысты өз қылмыстық юрисдикциясын белгілей алатынын реттейді. Қазіргі кезде бұл Конвенцияға 186 ел қосылып отыр.

Хаттамаға сәйкес әуе кемесіндегі күзет қызметкері, экипаждың кез-келген мүшесі немесе жолаушы командирдің рұқсатынсыз ақылға қонымды алдын-алу шараларын қолдана алады.

Әуе кемесінің командирі аумағында әуе кемесі қонатын кез келген уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарына әуе кемесінің бортында қылмыс болып табылатын акт жасады деп пайымдауға негіз болған кез келген адамды бере алады.

Комитет отырысында сондай-ақ "Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы да қаралды.

Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенция 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада, Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттама 2010 жылғы 10 қыркүйекте Бейжіңде жасалған болатын.

Конвенцияның негізгі мақсаттары Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті анықтау, әуе кемелерін заңсыз басып алуға бағытталған қылмыстық әрекеттер бойынша қатысушы мемлекеттердің юрисдикциясын белгілеу болып табылады.

Хаттама қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы ұшырып әкетудің алуан түрлерін қоса отырып, әуе кемесін заңсыз басып алу актілерінің тізімін кеңейтеді. Қылмыстың жетекшілері мен ұйымдастырушыларға қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ құқық бұзушыға тергеуден, қуғындалудан немесе жазадан құтылып кетуге талпыныстарына көмектескен адамдарға жауаптылық белгіленеді.

Конвенция мен Хаттаманы ратификациялау Қазақстанның өзіне алған міндеттемелерін адал орындауын, сондай-ақ терроризммен күрестің жаһандық жүйесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар