Сенатор шекаралас облыстарда мал ұрлығы азаймай тұрғанын айтты

Написать нам
02 қараша, 2018, 12:09 3353 Астана
Сенатор шекаралас облыстарда мал ұрлығы азаймай тұрғанын айтты

Статистика бойынша, қылмыстық істердің 25 пайызы тараптардың татуласу жолымен тоқтатылады. Тек 14 пайызы сотқа жүгінеді.

ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров елімізде мал ұрлығы азаймай тұрғанын айтты, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Көптеген жыл бойы жалпы қылмыс көрсеткішіндегі мал ұрлығының үлесі 60 пайыздан асады. Соңғы үш жылда мал ұрлығы қылмыстарының ашылу деңгейі шамамен 38 пайызды құрады. Соңғы үш жылда мал ұрлығынан келген шығын көлемі 3,5 трлн теңгені құрады. Олардың жартысына жуығы ғана зардап шеккендерге өтелді. Мал ұрлығы бойынша қылмыстық істердің 90 пайызын заңнама орташа ауыр қылмыстарға жатқызады. Осының салдарынан кінəлілер татуласу процедуралары арқылы жазадан құтылып кетіп жатады", - деді Бектас Бекназаров "Мал ұрлаудың алдын алу, болдырмау жəне шешу жолдары" атты дөңгелек үстелде.

Статистика бойынша, қылмыстық істердің 25 пайызы тараптардың татуласу жолымен тоқтатылады. Тек 14 пайызы сотқа жүгінеді.

"Кінəлі адам тиісті жазасын алмаса, ол азаматта "маған барлығын істеуге болады" деген сезім туындайды жəне бұл одан да ауыр қылмыс жасауға жол ашады. Сондықтан мал ұрлығы жиі қайталанып, олар да татуластықпен аяқталып жатады. Яғни, олар жауапкершіліктен құтылады. Бұндай жағдай халықтың құқық қорғау органдарына, сот органдарына ғана емес, жалпы мемлекетке сенімін төмендетеді. Əсіресе, шекаралас облыстарда жағдай қиын болып тұр. Ол жерлерде малын көрші елдер табындап ұрлайды", - деді Сенатта Бектас Бекназаров.

Cенатор мал ұрлығына кінəлі адамдардың қылмыстық жауапкершілігін күшейту мәселесіне тоқталды.

"Бүгін бізге - депутаттарға барлық мемлекеттік органдардың мал ұрлығы бойынша пікірін тыңдап, осы жағдайды түзеу бойынша ұсыныстар əзірлеу қажет. Егер осы бағыттағы заңнаманы мал ұрлығына кінəлі адамдардың қылмыстық жауапкершілігін күшейту жағына өзгерту керек болса, біз сондай заңнамалық шараларға да баруымыз керек. Мысалы, көрші Қырғызстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы жеке қылмыс құрамына жатады жəне бұл үшін қатал жаза қарастырылған" , - деді Бектас Бекназаров. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар