Сенаторлар Ақмола облысында "7-20-25" бағдарламасын іске асыру барысымен танысты - Жаңалықтар | BNews

Сенаторлар Ақмола облысында "7-20-25" бағдарламасын іске асыру барысымен танысты

24 шілде, 17:16 1647
Сенаторлар Ақмола облысында

Бағдарламаға екінші деңгейлі жеті банк қатысуы тиіс.

Парламент Сенатының депутаттары Дәурен Әділбеков пен Рашит Әкімов Ақмола облысына жұмыс бабындағы сапары аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламентшілер бастаманың әр тармағы бойынша өзекті мәселелерді, пікірлер мен ұсыныстардың топтамасын жинақтауды жоспарлап отыр.

Облыстық мәслихаттың отырысында аймақта жүргізілген жұмыстардың аралық нәтижелері сарапқа салынды, жиналысқа облыстық басқармалар басшылары, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы есебінен "7-20-15" бағдарламасы бойынша инженерлік коммуникация құрылысына жоспар жасалғаны туралы қатысушыларды хабардар етті.

Елбасының басқа бастамалары бойынша да белсенді жұмыстар жүзеге асуда. Есептеулер бойынша, облыстағы еңбекақысы төмен 22 мың жұмысшыға еңбекақысын көтеру үшін салық азайтылатын болады. Студенттерге арналған жатақханалар салу тетіктері әзірленуде. Қазіргі уақытта облыста 2 870 студентті орналастыру үшін 11 жатақхана салу қажет. Көкшетау қаласының әкімдігі 4,5 гектардан астам ыңғайлы жер телімін белгіледі. Шағын және орта бизнеске шағын несие беруді ұлғайтуға қаржы бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, газбен қамтамасыз етудің жол картасы әзірленді. Аршалы ауданында 40 мыңнан астам адам тұрғыны бар  17 елді мекен, Целиноград ауданында 90 мыңнан астам тұрғыны бар 7 елді мекен газбен қамтамасыз етілетін болады.

Сенаторлар бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға қатысты жиынға қатысушыларға бірқатар сұрақтар қойды. Атап айтқанда, Дәурен Әділбеков пен Рашит Әкімов "7-20-25" бағдарламасы бойынша несие беру басталғаны және оның шарттары тұрғындардың толық хабардар етілгені туралы сұрады. Депутаттардың айтуынша, кездесулер барысында "7-20-25" бағдарламасы бойынша несие беру кезінде жас ерекшеліктерінің ескерілуіне, бағдарламаның ауылдық жерлерде үй сатып алу мүмкіндігіне, алғашқы жарнаның тұрғын үй бағасының 20 пайыздан асуына қатысты сауалдар жиі қойылды.

Кездесу барысында "7-20-25" бағдарламасы бойынша облыста тек бір ғана банктің екі несие бергені айтылды. Енді бөлімшелер ауқымы кең ірі банктердің қосылуы арқылы несиелендіру аясын ұлғайту қажеттігі белгілі болып отыр. Бағдарламаға екінші деңгейлі жеті банк қатысуы тиіс.

Бағдарламалық құжаттың басқа тармақтары да жан-жақты қаралды. Облыстық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшыларына бес әлеуметтік бастаманы нақты жағдайға мейлінше бейімдеуге көмектесетін нақты ұсыныстар айтылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары