Сенаторлар ақмолалықтардың тыныс-тіршілігімен танысты - Жаңалықтар | BNews

Сенаторлар ақмолалықтардың тыныс-тіршілігімен танысты

30 шілде, 2018, 10:28 1655 Ақмола облысы
Сенаторлар ақмолалықтардың тыныс-тіршілігімен танысты

Депутаттар оқытушыларға Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудағы негізгі бағыттар туралы айтып берді.

Ақмола облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламент Сенатының депутаттары Дәурен Әділбеков пен Рашит Әкімов Целиноград ауданында болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сенаторлар Ақмол ауылында "Батыр" қоғамдық бірлестігінің жеке тұлғаны дамыту орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары мүмкіндігі шектеулі адамдарға демалыс ұйымдастырып, Монтессори сыныбында балаларға арналған даму бағдарламалары бойынша жұмыс жүргізеді.

Сенат депутаттары сол күні "Жұлдыз" балалар бақшасының еңбек ұжымымен кездесті. Депутаттар оқытушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудағы негізгі бағыттар туралы айтып берді.

"Президент бастамалары әрбір қазақстандық отбасы үшін маңызы зор іргелі құндылықтардың барлығын қамтиды. Бұл лайықты тұрғын үй сатып алуға қол жеткізу, салық ауыртпалығын төмендету арқылы еңбекке ақы төлеуді ұлғайту, жастардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту болып табылады", - деді Дәурен Әділбеков.

Сенаторлар сондай-ақ, балалар бақшасының қызметкерлері тұрғын үй мәселесін шешуге және мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге байланысты мәселелерге назар аударды.

Кездесу барысында тұрғындар жол жөндеу мәселесі оң шешімін тапқаны үшін парламентшілерге алғысын жеткізді.

"Ақмол-Нұресіл-Талапкер" автомобиль жолын жөндеу мәселесі шешімін тапқаны үшін алғысымызды білдіреміз", - деді ауыл тұрғындары.

Аудан тұрғындары Мәншүк ауылымен байланыстыратын "Астана - Қорғалжын" тас жолының "Қабанбай батыр-Мәншүк-Оразақ" автомобиль жолының учаскесін жөндеуге көмек көрсетілетініне де сенім артып отыр.

Ақмола облысының тыныс-тіршілігімен танысу Ерейментау ауданында одан әрі жалғасты. Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Новомарковка ауылында "Жаңа Береке" шаруа қожалығының жұмысымен танысып, өндіріс цехтарында болды. Аграрлық кәсіпорын басшылығымен әңгіме барысында Мемлекет басшысының бес институттық реформаларынан туындайтын міндеттер аясында аграрлық салаға несие беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аудан әкімі Виктор Радченко "7-20-25" бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндай келіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы мен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабардар етті.

Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ерейментау қаласының жылумен жабдықтау жүйесінің қысқы маусымға дайындық жұмыстарының барысымен танысты. №2 орта мектепке барған кезде жаңа оқу жылына дайындық және күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау мәселелері талқыланды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: