Сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын сайлады

12 қазан, 2017, 17:10 1980 Астана
Сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын сайлады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Онда Жоғарғы Сот судьялары сайланды және бірқатар халықаралық құжаттар ратификацияланды.

Палата Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары лауазымына Мемлекет басшысы ұсынған Гүлмира Жүсіпбекова мен Асқаржан Кенжеғаринді сайлады.

Сенаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Биыл 23-наурызда Астанада қол қойылған құжат «Целинный» және «Сырдария» автомобиль өткізу бекеттерін ашуды, «Қазығұрт», «Қапланбек», «Атамекен» автомобиль өткізу бекеттерінің мәртебесін «екіжақтыдан» «көпжақтыға» өзгертуді және теміржолдағы өткізу бекетін Бейнеу станциясынан Оазис станциясына ауыстыруды көздейді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификацияланды. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Норвегия арасындағы автомобиль қатынастарын жүзеге асырудың құқықтық негіздерін жасауға мүмкіндік береді, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, қару саудасы туралы шарт ратификацияланды. 2013 жылғы 2 сәуірде Нью-Йоркте жасалған Шарт төменде көрсетілгендей санаттар аясында қару-жарақтың барлық түрлеріне қолданылады: жауынгерлік танктер, жауынгерлік брондалған машиналар, үлкен калибрлі артиллериялық жүйелер, жауынгерлік ұшақтар, жауынгерлік тікұшақтар, әскери кемелер, зымырандар мен зымырандық ұшыру қондырғылары, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ.

Аталған Шарттың ережелерін жүзеге асыру үшін әрбір қатысушы мемлекет ұлттық бақылау тізімін қоса алғанда, ұлттық бақылау жүйесін құрады және пайдаланады, сондай-ақ осы Шартқа қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасу үшін ұлттық байланыс орталығын тағайындайды. 

Палата «Қазақстан Республикасының Халықаралық валюта қорына, Халықаралық Қайта құру және Даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына, Халықаралық даму қауымдастығына, Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігіне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөніндегі Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта құру және Даму Банкіне, Азия Даму Банкіне, Ислам Даму Банкіне мүшелігі туралы» заңға өзгерістерді қабылдады.

Енгізілетін ережелер Қазақстанның жаңа халықаралық ұйымға – Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне (АИИБ) мүшелігіне құқықтық шарттарын реттейді. Біздің еліміз Банкінің аймақтағы толыққанды мүшесі болып табылады. 2015 жылғы 29 маусымда Бейжіңде 57 құрылтайшы елдер өкілдері қол қойған АИИБ-ны құру туралы Келісімнің баптары Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 қаңтардағы заңымен ратификацияланды.

Заң АИИБ-мен қатынастарға өкілетті мемлекеттік органдарды айқындайды. Атап айтқанда, байланыс арнасы ретінде Үкімет (ұлттық экономика министрлігі) белгілеген тиісті ресми орган анықталды, барлық қаржы операциясы мен мәмілені жүзеге асыру үшін – қаржы министрлігі; ұлттық валютадағы барлық қаржының және АИИБ-нің басқа да активтерінің депозитарийі ретінде Ұлттық банкі белгіленді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!