Сенатта орта білім беру мәселелері талқыланды

09 қараша, 2018, 16:49 3462 Астана
Сенатта орта білім беру мәселелері талқыланды

Онда Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева баяндама жасады.

Сенатта орта білім беру мәселелері бойынша Үкімет сағаты өтті. Отырысты Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму дәне ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова ашты. Ол 2017 жылғы 22 қыркүйекте өткен "Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу келешегі" тақырыбына арналған парламенттік тыңдау ұсынымдарының іске асырылу нәтижелерін талқылау күн тәртібіне енгенін атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" және "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауларында алға қойылған міндеттердің іске асыру туралы ақпарат жария етілді.

Бірғаным Әйтімова Елбасының 5 қазандағы Жолдауында білім беру жүйесін жетілдіруге арналған бірқатар тапсырма бергенін еске салды. Атап айтқанда, 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу; Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналдыру; орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби тұрғыда бағдарлау жүргізу; оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайту; бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету қолға алынуы керек.   Одан басқа, Парламент "Педагог мәртебесі туралы" заңды қабылдауы тиіс.

"Білім беру басымдыққа ие сала, өйткені білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі, адами капиталды дамыту мен экономиканың тұрақты өсуінің негізі болып табылады", - деп атап өтті сенатор.

Білім және ғылыми вице-министрі Эльмира Суханбердиева негізгі баяндама жасады. Вице-министрдің баяндамасында мектептердің жаңартылған мазмұндағы білім беруге көшуі, мұғалімдерді даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту, білім беру мекемелеріне жан басына қарай қаржыландыру тетігін енгізу, мектеп инфрақұрылымын жетілдіру мен инклюзивті білім берудегі өзгерістер қамтылды. Э.Суханбердиева үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу жөніндегі Елбасының тапсырмаларын орындау барысы туралы хабарлады. Сондай-ақ, оқу орындарын цифрландыру және интернетпен қамту туралы ақпарат айтылды.

Шара барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин және "Назарбаев Зияткерлік мектебі" дербес білім беру тәжірибесін тарату департаментінің директоры Гүлнәр Балғабаева сөз сөйледі.

Сенаторлар Бақытжан Жұмағұлов, Серік Бектұрғанов, Төлеубек Мұқашев, Сергей Ершов, Нариман Төрағалиев, Бекмырза Еламанов пен Дархан Сатыбалды мемлекеттік органдар өкілдеріне сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Оқу үдерісіндегі өзгерістер, мектептердің қауіпсіздігі, педагогтерді қорғау, бірыңғай мектеп формасын енгізу, шағын жинақты мектептерді жабуға байланысты қызметінен босатылатын мұғалімдерді жұмыспен қамту, мектеп тағамдарының сапасы мен иіскейтін заттар және энергетикалық сусындардың таралуына байланысты балалардың денсаулығын қорғау сенаторларды толғандырған мәселелердің қатарында болды.

Заң шығару және  атқарушы билік салаларының өкілдері орта білім беру жүйесін жетілдіру жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындауға бағытталған жұмыс барысында талқылау нәтижелерін пайдаланатын болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар