Шағымдар бойынша ТКШ саласындағы монополистерге жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі

Написать нам
15 қараша, 2018, 20:06 3011 Астана
Шағымдар бойынша ТКШ саласындағы монополистерге жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі

Бұдан басқа монополистердің жыл сайын есеп беруінен жарты жыл сайын жария есеп беруіне ауыстыру жоспарланып отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиев қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны және қандай нәтижелер күтілетіні туралы мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

"Биылғы 12 қарашадан бастап облыстық маңызы бар барлық қалаларда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғындарға арналған қоғамдық қабылдаулар ашылды, оның барысында келіп түскен ұсыныстар мен шағымдар жүйеленіп, тариф қалыптастыру үрдісі туралы түсінік беріледі және келіп түскен шағымдарды қарастырудың қорытындысы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы монополистерге жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін болады. Тариф қалыптастыру үрдісінің ашықтығын қамтамасыз етуді күшейту, монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындауына бақылауды күшейту мақсатында біз заңнамаға өзгерістер енгізуге бастама білдірдік", - деді Азамат Майтиев.

Бүгінгі таңда табиғи монополиялар туралы жаңа заңдар Парламент Мәжілісінің қарауында, олар табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларын және инвестициялық бағдарламаларын орындауы бойынша есептерін қарауға тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамын қатыстыруды көздейді.

"Біз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап табиғи монополиялар субъектілері үшін электронды тарифтерді бекіту өтінімдерінің міндетті форматын енгіземіз. Бұл ретте тұтынушыларға аталған базаның материалдарының толық қолжетімді болуы қамтамасыз етіледі. Тиісінше, тұтынушылардың табиғи монополиялар өтінімдері бойынша ұсыныстары, ескертпелері мен сұрақтары жүйеленіп, жария тыңдауларда қарастырылады, оларға түсініктер беріледі. Осылайша, тұтынушы өзінің барлық сұрақтарына жауап алады", - деді монополияға қарсы ведомствоның басшысы.

Сонымен қатар, заңнамаға түзетулер енгізуге бастама білдірілген. Мәселен, табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылардың алдында тарифтік сметаларының және инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы туралы жыл сайын есеп беруінен жарты жыл сайын жария есеп беруіне ауыстыру.

"Біз табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындауы бойынша қоғамдық мониторинг институтын енгізуді көздейміз. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының, түрлі қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің, тұтынушылардың және басқа да мүдделі тұлғалардың табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын қалай іске асырып жатқанын көрулері үшін сол субъектілердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына баруы қамтамасыз етілетін болады", - деді Азамат Майтиев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекіту кезінде жергілікті атқарушы органдардың тұтынушылардың алдында жария тыңдаулар өткізу міндеттері қарастырылатын болады.

"Қазір коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Біз бұл үрдісті, бұл механизмді жария форматқа ауыстырғымыз келеді", - деп түйіндеді Комитет төрағасы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар