Шағын несие беру тетіктері оңтайландырылуда

07 маусым, 2018, 18:02 3414 Астана
Шағын несие беру тетіктері оңтайландырылуда

Осы жылы ауылдық жерлерде - 11 мың адамды, қалалық жерлерде - 3 мың адамды шағын несиемен қамту жоспарланған.

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында "Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын" іске асыру аясында шағын несие беруді көбейту туралы баспасөз конференциясында ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов шағын несиелеу талаптарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды  BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жария еткен Бес әлеуметтік бастама - әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын, әлеуметтік көңіл күйін жақсартуды қамтамасыз ететін әлеуметтік жаңғыру жолындағы жаңа, елеулі қадам.

Төртінші әлеуметтік бастама өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шағын несие беруді көбейтуге бағытталған.

"Аталған бастама бір уақытта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу, халықтың аз қамтылған бөлігінің кірісін өсіру, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды рәсімдеу секілді кешенді міндеттерді шешуге жол ашады. Өздеріңізге мәлім, Елбасы тапсырмасы бойынша шағын несие беруге қосымша 20 млрд теңге бөлінді. Осылайша республика бойынша шағын несиелеуге 62,4 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 45,3 млрд теңгесі ауылдық жерлерде несие беруге, 17,1 млрд теңгесі қалалық жерлерде несие беруге бағытталған", - деді Жеңісбек Дулатов.

Қосымша бөлінген қаражаттарды ескере отырып, биыл шағын несиемен 14 мыңға жуық адамды қамту көзделген.

Бүгінгі таңда өз жеке ісін бастап жатқандарға, тұрақты жұмысы жоқтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға басымдық берілуде. Осы мақсатта "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша алдын ала оқудан өту қажет. 

"Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Бастау-Бизнес" жобасы аясында арнайы тренерлердің, табысты бизнесмендердің, тәжірибе жүзінде жұмыс істеп көрген мамандардың қатысуымен шамамен 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарда бар", - деді спикер.

Осы жылы ауылдық жерлерде - 11 мың адамды, қалалық жерлерде - 3 мың адамды шағын несиемен қамту жоспарланған.

"Шағын несиені алу тетігі жайында айтар болсақ, бизнесті жаңадан бастаушы кәсіпкерлер ең алдымен "Атамекен" ҰКП бөлімшелеріне жүгіне алады. Бұған дейін оларға өздерінің бағдарламаға сай келетіні немесе келмейтіні, өздерінің қай санатқа жататынын тексерту үшін Жұмыспен қамту орталықтарына бару талап етілетін. Ал қазіргі таңда осы деректердің барлығы "Атамекен" ҰКП қызметкерлерінде бар. Жаңадан бастаушы кәсіпкерлер міндетті түрде "Бастау-Бизнес" бағдарламасы бойынша оқудан өтеді. Оқыту мерзімі кем дегенде 25 күнді, шамамен бір айды құрайды. Оқу аяқталған соң олар тест тапсырып, арнайы сертификат алады.

Оқу барысында уақыт жоғалтпау үшін, бір мезгілде қаржыландыру пакетінің құжаттарын қоса дайындайды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері құжаттар тізімін қалыптастыруға көмектеседі. Кейін аталған құжаттармен қаржы институттарына өтінім беріледі. Қаржы институты екі аптаға жуық уақыт ішінде берілген өтінімді қарап, оң бағаланып жатса, несие беру туралы шешім қабылдайды", - деп түсіндіріп өтті Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар