Шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін қазақстандықтар жеңілдікпен несие ала алады

05 сәуір, 2018, 14:56 3317
Шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін қазақстандықтар жеңілдікпен несие ала алады

Жұмыс орнын құру мақсатында тек сауда-саттықпен айналысу үшін несие беруге тыйым салынған.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің орынбасары Ерболат Абулхатин "Президенттің әлеуметтік бес бастамасын" іске асыру аясында шағын және орта бизнестің субъектілеріне несие беру механизмдері туралы айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бізде 20 млрд теңгенің 14 миллиарды ауылдық жерлерді несиелендіруге бөлінсе, қалған алты миллиарды қалалық жерлерді несиелендіруге жұмсалады. Несиелендіру негізінен ауыл шаруашылығын қолдау қоры, кішігірім қаржы ұйымдары және кредит серіктестіктері арқылы жүзеге асырылады. (...) Біз әдетте тұтынушы несиесін аламыз ғой, мұны да сондай механизммен алуға болады. Алайда тұтынушы несиесімен салыстырғанда мұның жеңілдігі бар, яғни бизнесті дамыту мен кеңейту үшін бес жылға дейін жылына 6%-дан аспайтын несие беріледі. Бізде тек сауда-саттықпен айналысу үшін несие беруге тыйым салынған, біз жұмыс орнын құруға – экономиканы дамытуға мән береміз", - деді Ерболат Абулхатин Үкіметте өткен баспасөз конференциясы барысында.

Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнес субъектілері үшін берілетін несиенің ең жоғарғы сомасын атады.

"Максималды түрде сегіз мың АЕК, биыл бес жылға шамамен 19 млн теңге алуға болады. Егер мал шаруашылығы немесе ауыл шаруашылығы кооперативін кеңейту саласында болса, онда жеті жылға дейін несие беріледі. Несиені қайтару пайызы жылына 6% -дан аспайды", - деп атап өтті Ерболат Абулхатин.

Еске сала кетейік, 5 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында әлеуметтік бес бастама туралы айтты. Аталған бастамалардың ішінде 20 млрд теңгеге шағын несиелендіруді арттыру мәселесі де бар.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #несие беру #шағын және орта бизнес #Үкімет

Читайте также

Похожие новости