Шегіртке зиянкестерінен қауіп жоқ – АШМ - Жаңалықтар | BNews

Шегіртке зиянкестерінен қауіп жоқ – АШМ

23 шілде, 17:20 1676 Астана
Шегіртке зиянкестерінен қауіп жоқ – АШМ

Аса қауіпті зиянды организмдермен күрес жөніндегі қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді.

Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар Қаджыбекова ағымдағы жылы үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізілген іс-шаралардың барысы туралы баяндады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Атап айтқанда, "Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ мәліметтері бойынша аса қауіпті зиянды организмдердің және карантинді объектілердің таралуы 5,1 млн гектар алаңда болжамдалған, оның ішінде астық дақылдарының аурулары 2,4 млн гектар, үйірлі шегіртке зиянкестері 1,9 млн гектар.

Аса қауіпті зиянды организмдермен күрес жөніндегі қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру үшін республикалық бюджеттен 3,57 млрд теңге бөлінді. Оның 1,3 млрд теңгесі – үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге және 1,5 млрд теңгесі – бидай ауруларына қарсы химиялық өңдеулерді жүргізуге бағытталған. 

"Қорғаныс іс-шараларын жүргізуге 540 бірлік бүріккіш техникалар жұмылдырылған. Оның қатарында 37 ұшақ, 31 аса жеңіл авиация, 33 аэрозольді генераторлар, 141 ультро азкөлемдегі бүріккіштер, 106 жерүсті және 192 иыққа ілетін бүріккіштер бар. 2017 жылы 300 бірлік техника тартылған болатын. Зерттеу іс-шараларын жүргізуге 492 зерттеушілер мен 432 бірлік автотехника қатысуда", - деді Ажар Қаджыбекова.

Қазіргі таңда шегіртке зиянкестерінің үйірлі түрлеріне қарсы химиялық өңдеулер аяқталуға жақын, жоспарланған 1,9 млн гектардың 1,8 млн гектар алаңында өңдеулер жүргізілді. Ауыл шаруашылығы егістіктерінің зақымдануы анықталған жоқ.

2018 жылы саяқ шегірткелердің таралуы 444,4 мың гектар алаңда күтілген болатын. Саяқ шегірткелер олармен күрес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдердің тізбесіне енетіндіктен, онымен күрес жергілікті бюджет қаражаты немесе ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс. Бүгінгі күні саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеулер 231,8 мың гектар алаңда жүргізілді, бұл болжамдалған көлемнің 52,2% құрайды.

"Көрші мемлекеттердің тарапынан шағым-талаптарды болдырмау мақсатында ҚХР, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерін анықтауға бірлескен зерттеулер, сондай-ақ бірлескен хаттамаларды және зерттеу актілерін толтыру арқылы жүргізілген өңдеулердің тиімділігін анықтау жүргізілетін болады", - деп сөзін қорытындылады Ажар Қаджыбекова.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: