Шығыс Қазақстан оқушыларының олимпиада құрамасы елдің үздік командасы атанды - Жаңалықтар | BNews

Шығыс Қазақстан оқушыларының олимпиада құрамасы елдің үздік командасы атанды

14 маусым, 18:22 3100 Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстан оқушыларының олимпиада құрамасы елдің үздік командасы атанды

Шығыс Қазақстанда дарынды балалар мен үздік оқытушыларды марапаттады

Жоғары көрсеткіштермен көш бастаған ШҚО оқушыларының олимпиада құрамасы Қазақстандағы үздік команда деп танылған, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімдігінің бапасөз қызметіне сілтеме жасап. 

80 үздік бала – республикалық және халықаралық зияткерлік олимпиадалардың, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары облыстың маңызды әкімшілік ғимаратында бас қосты. Облыстық әкімдіктің дөңгелек үстел басында, әдетте, Даниал Ахметов кездесулер өткізіп, шенеуніктер жұмысын сынға алатын еді. Бірақ, бұл жолы "тізгінді" балалар ұстады. Сауалдарын жолдап, өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын да жеткізді. Шахматтан әлем чемпионы 14 жасар Арыстан Исанжолов ІТ-мен қатар шахмат сыныптарын да ашу қажеттілігін алға тартты. Өз кезегінде өңір басшысы орынбасарына облыс мектептері мен колледжерінде шахмат сыныптарын ашу мәселесін зерттеуді тапсырды.   

"Аймақта шахмат сыныбын ашу туралы идеяң ұнады. Мәселені зерделеуді тапсырамын. Биыл ШҚО 277 робот техникасы, сондай-ақ, ІТ-сыныптары ашылады. Оқытушылар мен бағдарламашыларды дайындап жатырмыз. "Менің мектебім" облыстық бағдарлама аясында мектептерді жаңа заманға сай құралдармен қамтамасыз етеміз. Ел болашағы – сіздер, сондықтан оқыту мен жан-жақты дамыту үрдісіне қажетті барлық жағдайды жасау біздің міндет", – деді Даниал Ахметов.

Шығыс Қазақстан оқушыларының құрамасы "Қазақстан Республикасының үздік олимпиада командасы" атағының иегері. Ағымдағы оқу жылы балалар үшін жемісті болды. Өңір қоржынына халықаралық, сондай-ақ, республикалық зияткерлік жарыстардан 35 алтын, 55 күміс және 67 қола медаль салынды. Айта кету керек, өрендер әлеуетін арттыру үшін өңірде барлық жағдай жасалған. Мәселен, Қазақстан тарихынан өткен республикалық олимпиаданың жеңімпазы Марғұлан Құрманов жас өлкетанушылар мен туристердің облыстық слетіне қатысты. "Рухани жаңғыру" аясындағы бұл жоба балаларға өз көзімен Берел, Шілікті қорғандарын көріп, сондай-ақ, Ақ-бауыр кешені мен Абылайкит ғибадатханалық қорғанын аралады. Жас тарихшылар мен өлкетанушыларға биыл жазғы археологтар мектебі ұйымдастырылды. Оның аясында олар елдің жетекші ғалымдарымен бірге қазба жұмыстарына қатысады. 

Еркін кездесу үздік оқушыларды марапаттау рәсімімен аяқталды. Барлығына кубоктар мен құнды сыйлықтар – ноутбуктер, смартфондар мен планшеттер табыс етілді. Жылдың үздік оқушысы атағын "Білім инновация" дарынды балаларға арналған арнайы лицейдің 10-сынып оқушысы Нұрлыхан Көпенов иеленді. Ол химиядан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі, 3 дүркін республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, халықаралық химиядан өткен Менделеев олимпиадасының және басқа да додалардың жүлдегері. 

"Бұл кездесуге өте қуаныштымын және бізге жоғары серпін беретініне сенімдімін. Облыстың барлық балаларының атынан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына және облыс әкіміне қолдауларыңыз, жасап жатқан жағдайларыңыз үшін зор алғыс айтқым келеді. Алдағы таңда нано және био технология саласында жоғары білім алып, сүйікті қалама келіп, ел игілігі үшін қызмет еткім келеді", – дейді Нұрлыхан Көпенов.

Бұл күні аймақ басшысы жас дарындарды дайындайтын ұстаздарды да марапаттады. Оларға сыйақы сертификаттары мен алғыс хаттар табыс етілді. Кеш мерекелік балмен жалғасты. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары