Шығыс Қазақстандағы ауыл-аймақтар «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігін көруде

09 қаңтар, 2018, 09:44 1066 Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстандағы ауыл-аймақтар «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігін көруде

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы сапалы ауыз сумен толық қамтылды, деп хабарлайды BNews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Таза су жетпей отырған Көкбай ауылы еді. Оған да «Нұрлы жол» бағдарламасымен 324 миллион теңге бөлініп, тұрғындар қуанышқа кенеліп жатыр.

Осы ауылда шағын және орта кәсіпкерлік нысаны да көбейіп келеді. Жақында наубайхана ашылып, бірнеше тұрғын жұмыспен қамтылған.

Жасы 85-ке таяған Бижамал апа – 10 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Ол туып өскен ауылының  бұрын болмаған игі өзгерістерге ұшырап, халықтың қуанышы еселенгенін айтады.

«Тұрмыс түзелді, тек қана береке бірлікпен ерінбей еңбек ету керек»,- дейді кейуана. 

Батыр ана Бижамал Сұлташева ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан игі жағдайлар үшін шексіз алғысын білдірді. 

«Су дегенді армандағанбыз өзіміз. Енді мына суды көріп тұрсыңдар ағып тұр, үйден шықпаймыз, даладан су әкелмейміз. Мына ауылымызды қандай гүлдендіріп жатыр. Мына келешегіміз балаларымыздың ойнайтын жері, доп ойнайтын жері қандай болды. Енді соның бәрін көріп отырып, қалай рахмет айтпаймыз. Біз ондай нәрсені көрген жоқпыз ғой», - дейді ол.

Мердігер мекеме 60 метр тереңдіктен сапалы су шығарып, 3 ұңғымадан құбырлар арқылы ауылға тіршілік нәрін тартқан. Орталықтандырылған жүйе әрбір аулаға дейін жеткізілген. Қазір 262 үйдің жартысынан көбі үйлеріне су кіргізіп алыпты.

Нұрлыбек Шалтабанов, Абай аудандық сәулет-құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі: 

«Абай ауданы бойынша 9 ауылдық округ бар, барлығы орталықтандырылған. 8-і қамтылған болатын, ақырғы осы Көкбай ауылы. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы қаражат бөлініп, Ұлттық қордан 324 миллион ақша бөлініп, толығымен аяқталып, халыққа ауыз су берілді», - деп атап өтті Нұрлыбек Шалтабанов.

Ауылда кәсіпкерлік те жыл артқан сайын қарқынды дамып келеді. Осы күнге дейін бірнеше дүкен жұмыс істеп тұрса, міне енді 3-наубайхана ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылды.

Кәсіпкер Әділет Асқарбекұлы халыққа қызмет ету - ең бірінші мақсат екенін атап өтті.

«Ең бірінші мақсат халыққа қызмет ету. Халыққа қолжетімді бағамен күніне сұраныс бойынша 150-160 нан шығарамыз деп, сондай мақсатпен алдыға қойып отырмыз. Бәсеке болса, баға да төмендейді, сапа да жоғарылайды», - деді кәсіпкер.

Сондай-ақ, биыл ауылға кіре берістегі  тас жолға аслфальт төселеді. Оған  жергілікті бюджеттен 27 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, «Туған жер» бағдарламасы арқылы да бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделген.
 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар