ШҚО аудандарында жұмыссыздар саны төмендеп келеді

31 шілде, 2018, 16:21 2361 Шығыс Қазақстан облысы
ШҚО аудандарында жұмыссыздар саны төмендеп келеді

Жұмыс орындары жәрмеңкелерінің арқасында Жарма ауданында жұмыссыздар саны азайған.

Шығыс Қазақстан облысының аудандарында жұмыссыз адамдар саны төмендеп келеді. Аудан әкімдігінің "Жарма аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы" мекемесінің берген мәліметіне сәйкес, өңірде өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны 0,2 пайызға азайған, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Жарма ауданының тұрғындары үшін жұмыссыздардың жұмыспен қамту мәселесі ауданда оң шешімін тауып отыр деуге толық негіз бар. Осы орайда аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Гүлназ Мұстафина аудан көлемінде 1010 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 1285 адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқанын, бұл пайыздық көрсеткіш бойынша 127%-ды құрайтынын тілге тиек етті. Оның ішінде 873 (86,4%) адам тұрақты жұмысқа, ал 412 (40,8%) адам уақытша жұмыстарға орналасқандықтары белгілі болып отыр.

Сонымен қатар, еліміздегі жұмыспен қамту бағдарламасында көрсетілген бағыттары бойынша еліміздегі техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімді кәсіби оқумен қамтамасыз ету мәселесі аясында ауданда 65 адам, яғни 104 пайызы түрлі мамандықтар бойынша оқып, арнайы мамандықтарға ие болып отырғаны айтылды.

"Арнайы мамандықтарға ие болып отырған адамдардың қатарында арнайы кәсіптік – техникалық оқу орнын бітірген мамандар түрлі жұмыспен қамтылған. Яғни, жұмысшы мамандығын иеленген жастардың тұрақты жұмыс табу мүмкіндігі бар. Ал "Бастау-бизнес" жобасы бағытымен жұмыссыздар арасынан 16 адам 3 кезең бойынша оқып жатыр", - деп атап өтті Гүлназ Мұстафина.

Оның айтуынша, жалпы аудан бойынша жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мәселесі оңтайлы шешіліп келеді.

"Біз жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша аудан тұрғындары арасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін әр тоқсан сайын өткізіп отырамыз. Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ауданның жұмыссыз тұрғындар саны азайды. Соңғы тоқсан бойынша өткізілген бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне жалпы аудан көлемінде 62 жұмыс берушіден 123 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке барысында білім беру, денсаулық сақтау, сауда және азық түлік орындарына, асханаларда қызмет көрсету, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарына арнайы мамандар қажет екені айтылды", - деді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің маманы.

Сөз соңында Гүлназ Мұстафина шараға қатысушыларға мерзімді қайта даярлау курстары мен шағын несие және жастар іс-тәжірибесі туралы мамандар өздерінің кеңестерін ұсынып, кең көлемде мәліметтер беріп отыратынын айтып өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: