Шымкент әкімі инвесторларға: Ақша болса, кедергі жоқ - Жаңалықтар | BNews

Шымкент әкімі инвесторларға: Ақша болса, кедергі жоқ

Шымкент әкімі инвесторларға: Ақша болса, кедергі жоқ

Бұл туралы Нұрлан Сауранбаев кәсіпкерлермен кездесу барысында айтты.

Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев кәсіпкерлікті дамыту жолында әкімшілік рәсімдерді жеңілдету бойынша арнайы комиссия құруды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz.

Шымкентте қала басшылығы кәсіпкерлермен кездесті. Ашық диалог түрінде өткен кездесуде әрбірі түйткілді мәселелерін, қызметтерінде әкімшілік тарапынан болатын кедергілер жөнінде айтты. 

Қала басшысы инвестиция тартуға аса мән берді.

"Шымкент – бай қала, бірақ біз ақша салатындарға жағдай жасауымыз керек. Бізде жүзеге асыруға болатын қызықты жобалар жетерлік. Ақша болса, кедергі жоқ. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің қағидаттарын белсенді түрде пайдаланыңыздар. Бұл, әсіресе, балабақшалардың құрылысына қатысты, ал биылдан бастап МЖӘ негізінде мектеп те салынатын болады", - деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.

Мегаполистің сәулеттік көрінісі де әкімнің назарында болды.

"Шымкенттің өзіндік стилі мен келбеті болуы керек. Бұл Шымкент қаласының туризм орталығына айналуында маңызды, сондай-ақ 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болайын деп жатыр. Көптеген объектілер "қызыл сызықта" салынған, көшелердің жарықшамдары нашар жанады", - деді қала әкімі.

Екі тараптың талқылауында қоғамдық көліктер, жаңа автобустарды әкелу мәселесі де сөз болды.

"Мен кәсіпкерлік саласында 9 жыл жұмыс жасадым. Сондықтан кәсіпкерлердің мәселесін білемін. Билік пен кәсіпкерлердің өзара қарым-қатынасын, әкімшілік кедергілерді азайту қажет. Тұрғындарға жағдай жасайтындарды қолдау керек", - деп сөзін толықтырды Шымкент қаласының әкімі.

Ұқсас жаңалықтар