Шымкентте мектеп бітірушілер кешін өткізуге тыйым салынады

18 мамыр, 2018, 10:53 3431 Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкентте мектеп бітірушілер кешін өткізуге тыйым салынады

25 мамырда өтетін мектеп бітірушілердің "Соңғы қоңырау" күніне орай құқық қорғау органдарының қызметкерлері ерекше тәртіппен жұмыс істейтін болды.

Шымкентте мектеппен қоштасу кешін ұйымдастыруға тыйым салынады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ұйымдастырумен білім бөліміне қарасты мекемелердің басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте айтылды. 2017-2018 оқу жылын аяқтауға қатысты басқосуға прокуратура, жергілікті полиция қызметкерлері және қаладағы мектеп басшылары түгел қатысты, деп хабарлайды BNews.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Басқосуда алдымен оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы пысықталып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда "мерекені" атап өтуі дәстүрге айналып кеткен. Мұның соңы әртүрлі келеңсіз, тіпті қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жауапты мамандар биыл түлектердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осындай шешімдерге келіп отыр.

"Мектеп басшыларына оқушылардың автокөлік шерулерін ұйымдастырып, мектептен тыс орындарда кеш жасауына жол бермеу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, түсіндіру шараларын жүргізу қажет . Өйткені, балалардың қауіпсіздігі баршамыз үшін маңызды", – деді Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы АйгүлТекебаева.

Сонымен қатар мектеп директорларына 1, 4, 9 және11 сынып оқушыларының басшылыққа, сынып жетекшісіне бағалы сыйлық жасауына тыйым салу жүктелді. Білім бөлімінің басшылығы мекеменің ағымдағы жөндеу жұмыстарына ата-аналардан ақша жинауына жол берілмейтінін айтты. Іс-шараға қатысқан Еңбекші ауданының прокуроры Е. Мұсаев бұл күні қаладағы жағдай прокуратура тарапынан қатаң бақылауға алынатын айтса, Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілі Д.Тағайбеков арнайы мобильдік топ құрылып, әсіресе, Ташкент тасжолы, Бәйдібек би даңғылы және дендросаябақ аумағы жіті назарда тұратынын жеткізді.

Мәжілісте сөз алған №77, 26 оқу орындарының басшылары түлектердің соңғы қоңыраудан кейінгі мектептен тыс орындарда кеш ұйымдастыруына тосқауыл бола алмайтынын, өйткені, ондай салтанатты кешті ұйымдастыруға ата-аналардың өздері құлықты болып отырғанын айтты. Сондықтан, бұл тұста жауапкершілік мектепке артылмай, ата-аналармен көбірек жұмыс істеуді ұсынды.

Айта кетейік, барлық білім мекемелерінде "Соңғы қоңырау" салтанатты іс-шарасы Астананың 20 жылдығына арналған "Ел жүрегі – Астана" тақырыбымен өтетін болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар