Шымкентте полицейлер автокөлік ұрлаумен айналысқан күдіктіні ұстады - Жаңалықтар | BNews

Шымкентте полицейлер автокөлік ұрлаумен айналысқан күдіктіні ұстады

Шымкентте полицейлер автокөлік ұрлаумен айналысқан күдіктіні ұстады

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің автокөлік ұрлаудың сегіз жайтына қатысы бар екенін анықтады.

Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған, онда белгісіз тұлға жасырын түрде Opel Vectra автокөлігін ұрлап кеткенін көрсеткен, деп хабарлайды BNews.kz ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Шымкент қаласының 1993 жылы туылған тұрғыны анықталып, ұсталды. Тергеу амалдарын жүргізу барысында күдікті ұрланған автокөлікпен бағанаға соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасап, белгісіз бағытқа бой тасалағаны анықталды. Күдікті қамауда. Бұрын-соңды екі рет сотты болған", - делінген сейсенбі күні таратылған хабарламада.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің автокөлік ұрлаудың сегіз жайтына қатысы бар екенін анықтады. Аталған жайт негізінде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

"Шымкент қаласының тәртіп сақшылары автокөлік иелеріне көлікті ашық қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше өз автокөлігіңізге дабыл жүйесін және күзетпен қамтамасыз етілген автотұраққа қойыңыз. Егер де сіз бөтеннің мүлкін ұрлау жайтының жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз, полицияға "102" нөмірі бойынша дереу хабар беріңіз", - делінген хабарламада.

Ұқсас жаңалықтар