ШҚО-дағы бір ғасырдан астам тарихы бар мешіт құлаудың алдында тұр - Жаңалықтар | BNews

ШҚО-дағы бір ғасырдан астам тарихы бар мешіт құлаудың алдында тұр

ШҚО-дағы бір ғасырдан астам тарихы бар мешіт құлаудың алдында тұр

Бұл мешітті осыдан 111 жыл бұрын жергілікті Сұлтан Фазылбеков есімді азамат салған екен.

 

Шығыс Қазақстан облысының Ақкөл ауылындағы бір ғасырдан астам тарихы бар сәулет ескерткіші қирау алдында тұр. Оның ерекшелігі, ағаштан салынған ғимаратта бірде-бір шеге қолданылмаған. Кезінде мешіт болған нысан, біраз жылдан бері апатты жағдайда тұр, деп хабарлады Хабар 24.kz. Іргетасы жермен жексен болып, ағаш белдіктері әбден шіріп кеткен. Ақкөл ауылында қазір бірнеше үй ғана қалған. Солардың бірінде зейнеткер Гүлшира әжей тұрады. Бірақ ол кісі көшпейтінін айтады. Себебі мешіт ғимаратын қараусыз қалдырып кеткісі келмейді.

"Төбесінің қаңылтыры ұшып кетті. Мұнаралары әлі құламайды", - дейді ауыл тұрғыны Гүлшира Сапариева.

Бұл мешітті осыдан 111 жыл бұрын жергілікті Сұлтан Фазылбеков есімді азамат салған екен. Ғимараттың құрылыс жұмыстарына Башқұртстанның ең мықты деген сәулетшілерін жұмылдырыпты. Ал құрылыс материалдары бүкіл Ертіс жағасындағы елді мекендерден жеткізілген екен. Ғимарат мешіт ретінде 10 жыл ғана пайдаланылған. Кейіннен Кеңес үкіметінің тұсында мұнда бастауыш мектеп болған. Ауыл белсенділерінің Мәлика Наурызбаеваның айтуынша, бұл ғимаратты қайтадан қалыпқа келтірсе, ауыл да ажарлана түседі.

"Бұл жерден тасжол өтіп жатыр. Тіпті кейбір жолаушылар осында тоқтап, ғимаратқа тамсанып қарап кетеді. Яғни халық қызығады деген сөз. Демек бұл жерде туризмді де дамытуға болады", - деді ауылдық округтің қоғамдық медиаторы Мәлика Наурызбаева.

Биыл жазда бұл ғимаратқа облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары да қызығушылық танытыпты. Нысанды жан-жақты зерттеген олар, мұнда "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында жөндеу жұмыстарын жүргізетін болып шешкен.

"Ақкөл мешіті бүгінгі күні қатаң бақылауда тұр. Осы маусым айында облыстық мәдениет басқармасынан жұмыс тобы келіп, зерттеп кеткен болатын. Мешіт жөндеуден өткізіледі. Бірақ қашан, қай уақыттарда болатыны белгісіз. Оны сол жұмыс тобы шешетін болады", - деді Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Баталов.

Мешітті қалпында сақтап қалуды мамандар бұрын да қолға алған екен. Алайда оны облыс орталығына апарып қоймақ болған. Бірақ бұған жергілікті тұрғындар қарсы болыпты. Енді алдағы уақытта аталған ғимарат Ақкөл ауылының сәніне айналады деген сенім мол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары