Швейцария инвесторлары Маңғыстау облысының көлік-логистика саласындағы жобаларын қаржыландырады

13 шілде, 2018, 13:53 244 Маңғыстау облысы
Швейцария инвесторлары Маңғыстау облысының көлік-логистика саласындағы жобаларын қаржыландырады

Каспий жағасындағы аймаққа Швейцарияның экономика, білім және зерттеу министрі Иоганн Шнайдер-Амманн бастаған делегация келді.

Өлке меймандары Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановпен және ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңісбек Қасымбекпен кездесіп, ынтымақтастықта бірлесе жұмыс істеу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Айта кетуіміз керек, Швейцария - Қазақстанның Европадағы стратегиялық әрі маңызды сауда-экономикалық әріптесі. 11 шілде күні жасалған келісім бұл байланысты одан әрі нығайтпақ. Өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 3 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл 2016 жылға қарағанда 14% жоғары. Сондай-ақ, дәл осы кезең бойынша, Швейцарияның Қазақстанға жасаған экспорты да 14%-ға өскен.

"2017 жылы Қазақстан мен Швейцария сыртқы сауда айналымы 3 млрд АҚШ долларынан асты. Иоганн Шнайдер-Амманн мырза Маңғыстаудың көлік, логистика салаларына жаңа инвестиция құюды жоспарлап отырғанын айтты. Қазақстанда 300-ден астам швейцариялық компания мен бизнесмендер бірлесіп, тау-кен, химия, машина жасау және тағы басқа да көптеген салаларда жұмыс жасап жатыр. Сондықтан Швейцарияның бұдан кейін де инвестиция салатынына сенеміз. Маңғыстау жеріне қонаққа келген Швейцарияның бизнес өндірушілері осы жерге инвестициялар құяды деп жоспарланған. Шалғай өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары делегация өкілдерімен кездесіп, басқосу барысында бағалы металдарға және олардан жасалатын бұйымдарға талдау белгілерін өзара тану туралы бірлескен келісімге қол қойылды", - деді маңызды кездесуде сөз сөйлеген Жеңіс Қасымбек.

Статистикалық деректерді сөйлетсек, соңғы 10 жылдан аса уақытта Швейцариядан Қазақстанға салынған инвестиция көлемі 20 миллиард АҚШ долларынан асады. Министр Иоганн Шнайдер-Амманн бұл көрсеткіштің алдағы уақытта арта түсеріне сенімді екенін жеткізді.

"Менің Қазақстанға келуімнің екі негізгі себебі бар. Біріншіден, дүниежүзілік банк, халықаралық валюта қоры, британдық келісім жобасы аясындағы ынтымақтастағы үшін алғыс білдіру. Екінші маңызды  себеп - делегация мүшелерімен бірге болашақ жобаларды, соның ішінде логистика саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру. Швейцария Конфедерациясымен екіжақты қатынастарды дамытуда Маңғыстау облысының да рөлі аса маңызды екені даусыз", - деді Швейцарияның экономика, білім және зерттеу министрі.

Швейцария инвесторлары Маңғыстаудың көлік-логистикасын дамыту бағытындағы бірқатар жобалара қомақты қаржы құюға әзір. Өйткені, шетелдік іскерлер үшін мұнайлы өңірде барлық жағдай жасалған.

"Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша, Маңғыстау облысы мен Швейцария арасындағы жалпы тауар айналымы 7 миллиард доллардан асты, оның 99,9% -ы мұнай экспорты. Тауар айналымы Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық маңызы бар қуатты транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетінің арқасында дамып келеді. Осы арқылы Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Солтүстік Еуропаны біріктіретін "ТРАСЕКА" және "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәліздерінің ықпалы артып жатыр", - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Іскерлік кездесуден соң шетелдік қонақтар "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағын аралап, "Құрық порты", "Kazakhstan Pipe Traders" кәсіпорындары мен "Arcelor Mittal Tubular Products" АҚ жұмысымен танысты.

2020 жылға қарай Қазақстанның теңіз порттары арқылы тасымалданатын жүк көлемін 60 есеге дейін арттыру жоспарлануда. Бір ғана Құрық портының өзінен жылына 4-5 миллион тонна тауар өткізілмек.

Швейцариялық бизнесмендер елімізге қаржы бағыттап, қазақстандық әріптестерімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл жөнінде осы мемлекеттің экономика, білім және зерттеу министрі Йоханн Шнайдер-Амманн мәлімдеді.

"Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы аясында жүзеге асатын жобаларға қаражат құю мақсатында қазақ еліне төрт күндік сапармен ат басын бұрған делегация мүшелерімен Астанада ашық және жабық есік форматында бірқатар келіссөздер өтіп, нақты келісімдерге қол жеткізілген еді.  

"Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жақсы екендігі әлемге аян. Себебі, Астанаға осыдан бес жыл бұрын арнайы келіп едім. Экономиканы ілгерілетін жаңа бағдарламалардың жыл санап  жүзеге асып жатқанына куәміз. Сондықтан, біздің  бизнесмендер қаржы бағыттап, қос ел үшін тиімді жобаларды бірлесіп қолға алуға ниетті. Барлық кездесулерде көтерілген мәселелерді елімізге барып, әр салаға жауапты министрлермен бірге талқылайтын боламыз. Одан әрі нақты қадамдар жасалады", - деп ой қорытты Йоханн Шнайдер-Амманн.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: