Синоптиктер Қазақстанда биылғы қыстың қандай болатынын айтты

15 қазан, 2018, 16:10 1752
Синоптиктер Қазақстанда биылғы қыстың қандай болатынын айтты

Желтоқсан айында суық антиклонның жиі енуіне байланысты ауаның орташа айлық температурасы 1 °С төмен болып, қар аз жауады деп күтілуде.

Жақын уақытта ауа райы қалай болады? Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Гидрометеорталықтың директоры Марина Шмидт және Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Алдын ала болжам бойынша қараша айында синоптикалық процестердің жиі алмасуына байланысты күн райы құбылмалы болады. Аязды және жылы күндер алма-кезек ауысып, жауын-шашынды, ұйытқымалы жел соғып, түнгі және күндізгі уақыттарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ күтіледі. Қарашаның бірінші, екінші және үшінші онкүндіктерінің ортасында аяз біршама сезіледі. Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -10...-20 аязға дейін болса, күндіз -5...-10-ды көрсетеді. Оңтүстік жартысында түнде -5...-10 суық, күндіз 0...-5-ке төмендейді", - дейді Гүлмира Ақышева.

Ал Марина Шмидт атап өткендей, ұзақ мерзімді консультативтік болжамға сәйкес (дәлдігі 55-60%), алдағы қыс Қазақстанда суық болмақ. Жауын-шашынның жауатын мөлшері нормаға сәйкес күтіледі.

"Желтоқсан айында суық антиклонның жиі енуіне байланысты ауаның орташа айлық температурасы 1 °С төмен болып, қар аз жауады деп күтіліп отыр. Тек еліміздің батыс және шығыс өңірлерінің температуралық аясы нормаға жуық болмақ. Қардың мөлшері солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік облыстарының кей жерлерінде, сонымен қатар оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың тау және тау-бөктерлі аймақтарында нормаға жуық жауады", - дейді ол.

2019 жылғы қаңтар айында Сібір антициклонның орнауымен еліміздің көптеген өңірлерінде сарышұнақ аяз түсіп, қар аз жауады. Тек еліміздің батыс және оңтүстік аймақтарында қыс айтарлықтай жұмсақ болады. Жауатын қардың мөлшері батыста, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарындағы тау-бөктерлі аймақтардың кей жерлерінде мөлшерге жуық болады деп күтілуде. Марина Шмидт келтірген мәліметке сәйкес, ақпан айында суық ауа массаларының енуіне байланысты ауаның орташа айлық температурасы 1...2 °С төмен болмақ. Тек оңтүстік-шығыс аймақтарда ауа райы климаттық нормаға сәйкес келеді деп болжануда. Жауатын қардың мөлшері еліміздің батыс және онтүстік-шығыс облыстарында, сонымен қатар оңтүстік және шығыстағы тау-бөктерлі аймақтардың кей жерлерінде қалыпты шамада күтіледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар