Сыр өңірінде "Рухани жаңғыру" аясында 79 жоба жүзеге асты - Жаңалықтар | BNews

Сыр өңірінде "Рухани жаңғыру" аясында 79 жоба жүзеге асты

12 ақпан, 17:05 890 Қызылорда облысы
Сыр өңірінде

2017 жылы оған демеушілер тарапынан 6 миллиард теңге қаржы құйылған.

Осылайша елді мекендерді абаттандырып, ізгі бастамалардың жүйелі жүзеге асуына мүмкіндік туды, деп хабарлайды BNews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Ал биыл бұл мақсатқа бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы 22 миллиард теңге тартылады. Ұлттық құндылықтарды өркениеттің берік діңгегіне айналдыруды мұрат еткен игі қадамдарға өңірде ашылған "Рухани жаңғыру" орталығы ұйытқы болмақ.

Елбасы мақаласын арқау еткен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы туған жерді түлету тұрғысында айрықша маңызға ие. Оның төрт басым бағыты бар. "Атамекен", "Рухани қазына", "Тәрбие және білім", "Ақпарат толқыны". Осы төрт тағанды тұғыр етуде қолға алған ойлы бастамалар аз емес. Кешенді шаралар келешекті кемел етер кіші буынға арналған.

"Аймақтың ерекшелігіне қарай, мысалы, біздің аймақта жастардың "Өлкетану" базалық бағыты бойынша қазір қолға алынған жұмыстардың бірі – жас өлкетанушылардың, жас экологтардың, туризм, техника станцияларының жұмысын қайта жандандыру, техникалық шығармашылық деңгейі жоғары болуына, өзінің өлкесін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білуге бағытталған", - деді облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова.

"100 жаңа есімге" енген тұлғалардың өмір жолы мен өнегелі ісін өскелең жасқа насихаттау шаралары да күн тәртібінен түспейді. Жақын күндері еліміздегі ең алғашқы "Киелі Қазақстан және археология" залы Қызылордада ашылмақ. Жаңғыруға бастайтын жаңа ұйымның жаңадан салынып жатқан ғимараты да ұлт тарихымен үндестік тапқан.

"Бұл құрылыстың символикалық мәні ерекше деп ойлаймын. Алаш зиялылары осы Қызылордада, сол ғимараттың ішінде жұмыс істеген.  Ол жерде Жалау Мыңбаев орталық атқару комитетін басқарды, Сәкен Сейфуллин басқарды, Ахмет Байтұрсынов оқу-ағарту саласын басқарды. Сол азаматтардың отырған ғимаратын қайтадан қалпына келтіріп, жаңадан сол жағалауға салып жатыр", - деді облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас.

Жалаң ұран емес, нақты істерді көздеген орталық биыл жүздеген қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Іскер азаматтарды туған жерді көркейтуге жұмылдырып, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, тарихи құнды мұраларды жарыққа шығару ісін де ілгері бастырады. Бұған жергілікті бюджеттен де қолдау бар. Қазынадан қаралған 600 миллион теңге осындай игі мақсаттарға бағытталып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары