Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Шіркейлі каналы жаңғыртудан өтуде

30 қазан, 2018, 11:16 1045 Қызылорда облысы
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Шіркейлі каналы жаңғыртудан өтуде

Қызылорда облысының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Шіркейлі каналы қайта жаңғыртудан өтуде. 72 мың гектар егін алқабына су жеткізетін арна бойындағы гидроқондырғылар толықтай автоматтандырылады

«Осылайша аймақта көктем сайын орын алатын су тасқынының қауіпі сейіледі, ал жаз айларында шаруашылықтар тіршілік нәрінен тапшылық көрмейді», – дейді мамандар.

Бастауын Сырдария өзенінен алып, үш аудан мен Қызылорда қаласы маңындағы бірнеше елді мекенді бойлай өтіп жатқан сол жаға каналының ұзындығы – 132 шақырым. Оның бойында жыл сайын шамамен 52 мың гектар жерге күріш егіледі. Су арнасының гидроқондырғылары 30-40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Соңғы жылдары сыр берген кей тоспалар тесіліп, тіпті су ұстап тұру қиынға соға бастапты. Шаған ауылындағы шаруалар да су жетпей қала ма деп алаңдаған.

Бердібек Қадіров, шаруашылық төрағасы:

– 2 мың 900 гектар жерге күріш дақылын орналастырдық. Негізінен біздің осы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шіркейлі арнасының бойында орналасқан ауылшаруашылық егіндерін егеміз. Енді Шіркейлі арнасы бұрындары қондырғыларының бәрі иесіз қалған, механизмдері дұрыс істемейтін.

Шіркейлі су арнасын жаңғырту екі кезең бойынша жүзеге асты. Оған республикалық бюджеттен 4 жарым млрд-қа жуық теңге бөлінді. Алғашқы бөлігінде 62 шақырым канал бойы тазаланып, 200 текше метр су өткізуге қауқарлы 4 тоспа жөнделді. Қызметтік үйлер, 32 шақырым электр желісі мен қосалқы станция жаңартылған. Бүгінде жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі жалғасуда. Оның аясында тағы 5 ірі су тоспасы мен 42 шақырым канал тазаланады. 40 шақырымдай жарық желісі тартылып, барлық гидроқондырғылар автоматты түрге ауысады. Бұл ретте цифрлы технологияны пайдалану жоспарда бар.

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік уческе бастығы:

– Бір су тоспасынан екінші ауданның көлеміне қанша су кетіп жатқанын автоматты түрде қарап отырады. Экран арқылы көрініп отырады. Бұл судың шығынын азайтады, екіншіден оны жан-жақтан бақылып отыруға болады.

Мамандар өңірдің егін шаруашылығында маңызы зор Шіркейлі каналын жаңғырту жұмыстары келер жылдың алғашқы тоқсанында толық жүзеге асатынын айтады. Сондай-ақ жаңа қала бой көтере бастаған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы қорғаныс бөгетін салу жалғаса бермек. Бүгінде бұл құрылыстың 88 пайызы аяқталды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!