Сирияға содырларды емдеуге кетпек болған қарағандылық әйел сотталды - Жаңалықтар | BNews

Сирияға содырларды емдеуге кетпек болған қарағандылық әйел сотталды

06 ақпан, 17:49 881 Қарағанды облысы
Сирияға содырларды емдеуге кетпек болған қарағандылық әйел сотталды

Айыпталушы әйел 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қарағандыда ДАИШ халықаралық лаңкестік ұйымына қатысқаны үшін 30 жастағы әйел 9 жылға сотталды, деп хабарлады "ҚазАқпарат" ХАА.

Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайрат Қасымов айыпталушы әйелге шығарылған үкімді оқыды.

"Таңатарова Жансая Төлендіқызы ҚР ҚК-нің 259-бабы 2-бөлігіне ("Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру"), 257-24 бабы 3-бөлігіне ("Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу") сәйкес айыпты деп танылсын және жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеумен 9 жылға бас бостандығынан айырылсын", - деп үкімді оқыды Қайрат Қасымов.

Жансая Таңатарова алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгерген. Ол Сирияда жарақат алған содырларды емдеуді жоспарлаған.

Еске салайық, қарағандылық әйел кәмелетке толмаған туысқан інісін Сирияға алып кетпек болған. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Қарағандыдан Сирияға кетпек болған жерінен ұстады. Әйел 2017 жылдың қыркүйек айында Қарағандыдан шығар жолдағы "Сокур" бекетінде құрықталды.

Тергеу нұсқасы бойынша, әйел 2017 жылдың тамызында қарулы қақтығыстар болып жатқан жерге бармақ болған. Лаңкестермен байланысып, өзін қатарға қосуын өтінген. Олар бұған Сирияға жету жолын жазып көрсеткен.

Әйел өзімен бірге 18-ге толмаған қайнысын да әкетпек болады. Бірақ оған анасы рұқсат бермегендіктен, кейін әкетуге уәде береді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары