СҚО әкімі жер телімдерін ашық аукциондар арқылы сатуға тапсырма берді - Жаңалықтар | BNews

СҚО әкімі жер телімдерін ашық аукциондар арқылы сатуға тапсырма берді

СҚО әкімі жер телімдерін ашық аукциондар арқылы сатуға тапсырма берді

Облыс әкімі жер телімдерін сату кезінде барлық жағдайларды ескеру керектігін атап өтті. 

Петропавлда бұдан былай жер телімдері ашық аукциондар арқылы сатылатын болады, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жер қатынастары басқармасының кеңейтілген алқа отырысында осылай деп мәлімдеді. Бұрын жер сату саудасы облыс орталығында өткізілмейтін еді. Соның кесірінен қазір қалада бос жер учаскелерінің тапшылығы байқалады.

"Қалада бос жер телімі жоқтың қасы. Инвесторларға жер таба алмадық. Бәрін 10 жыл бұрын сатып жіберген, аукционсыз. Енді жер телімдері тек ашық аукцион арқылы сатылу керек. Жерді алғаннан кейін онда нысан тұрғызу қажет, өйтпеген жағдайда қайтарып аламыз", - деді өңір басшысы.

Жер телімдерін сату кезінде барлық жағдайларды ескерген жөн. Әсіресе, демалыс орындарында жерді сатуға тыйым салынды.

"Адамдар демалатын орындарда жерді мүлдем сатуға болмайды. Бізде саябақта жерді үй тұрғызуға сатып жіберген. Дәл жаяу жүргіншілер өтетін жерге баспана тұрғызу еш қисынға келмейді",- деді Құмар Ақсақалов.

Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың басты мақсаты – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді күтіп баптамайтын шаруашылықтардан қайтарып алу процесін бастау.

"Бұл шаруалар не жұмыс істемейді, не біреулерге еңбек етуге мұрша бермейді. Жалақы төлемейді, тыңайтқыштарды енгізбейді, технологияны сақтамайды. Осының кесірінен тұрғындар зардап шегуде. Мұндай жер иеленушілердің қатары жыл санап азайып отыру керек. Заң ондай жұмысты жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Мен сізді осы қызметке сол үшін тағайындадым", - деді облыс әкімі.

Былтыр облыста 188 мың гектар жер мемлекеттің меншігіне қайтарылған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары