СҚО-да диқандар майлы дақылдар егістігін ұлғайтпақ

16 сәуір, 2018, 10:28 1861 Солтүстік Қазақстан облысы
СҚО-да диқандар майлы дақылдар егістігін ұлғайтпақ

Биыл 4,1 млн. га алқапқа дән себiледі.

Облыстық әкiмдiкте көктемгi егiс жұмыстарына дайындық барысы пысықталды. Биыл 4,1 млн. га алқапқа дән себiлмек, оның 2,6 млн. гектарына бидай егiледi. Картоп пен көкөнiстердiң алқаптары екi есе ұлғаймақ, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Егiс алқаптарын әртараптандыру жұмысына көп көңiл бөлiнедi. Биыл солтүстiк өңiрі майлы дақылдардың алқаптарын одан сайын ұлғайта түспек.

"Былтыр бiздiң диқандар майлы дақылдардың алқаптарын 40 пайызға ұлғайтты. Биыл да бұл жұмыспен белсендi айналысып жатырмыз. Тұқым дайындалды, субсидиялау механизмдерiн анықтадық. Биыл майлы дақылдардың алқабын 1 миллион гектарға жеткiземiз. Қазiр майлы дақылдар аса пайдалы болып тұр: рапс пен зығырдың бағасы жоғары, ал бидайдың құны күзден берi өскен жоқ. Халықтың да табысы осыған тәуелдi ғой",  - дедi облыс әкiмi Құмар Ақсақалов.

Биыл диқандар жерге 109 мың тонна минералды тыңайтқыштарды салуды көздеп отыр. 3,5 млн. гектар аумақта химиялық өңдеу жүргiзiлсе, зиянкестер мен ауруларға қарсы 720 мың гектар өңделмек. Биыл 548 мың тонна тұқым дайындалды. Көктемгi егiске 66 мың тонна дизель отыны бөлiндi. Көктемгi егiске 13662 трактор, 16299 егiн сепкiш, 1147 жоғары өнiм кешендерi шығады.

"Биыл аграршылар 1310 бiрлiк жаңа техниканы сатып алуды көздеп отыр, оған 34,2 млрд теңге жұмсайды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 3 млрд. теңгеге 212 жаңа техника алынды. "Қазагроқаржы" ұйымына 7,3 млрд. теңгенiң 122 тапсырысы түстi", - дедi облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Айдарбек Сапаров.

Қазiр өңiрдiң 26 агроқұрылымы 500 мың гектар аумақта спутниктiк мониторинг жүргiзедi. Биыл цифрлендiрудi 50 шаруашылық енгiзбек. Алқаптардың электронды карталары да кеңiнен қолданылуда. Қазiр 2,5 млн. га немесе 52 пайызы цифрлендiрiлдi.

Жалпы, мемлекет өңiрдiң егiс шаруашылығына субсидия түрiнде 16,3 млрд теңге бағыттамақ.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар